Тоқаев: Төңкеріске талпынғандар үш жыл дайындалған сияқты
Елге террорлық шабуыл жасағандардың көздегені - мемлекеттік төңкеріс! Ол үшін үш жылдай тыңғылықты дайындалған болуы мүмкін. Мұны бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының онлайн-жиынында президент Тоқаев айтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.01.2022
Қазір аталмыш ұйымның бітімгерлік күштері жағдайды қалыпқа келтіруге көмектесіп жатыр.
Одақтастар әскерінің ел аумағына кіргізілуі ұйым тарихындағы алғашқы миссия екен. Бітімгерлердің негізгі міндеті мемлекеттік маңызды органдардың күзеті. Ал Алматыны басып алу арқылы орталық билікті төңкеруді жоспарлаған лаңкестер қазір сақал-мұртты қырып тастап, ел ішінде жасырынуға тырысуда. Тіпті іздерін жасыру үшін мәйітханаларға дейін шабуылдап, сыбайластарының мүрдесін алып кетуге тырысқан.
Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға арам пиғылдылар бұрыннан дайындалған. Шамамен бір жылдан үш жылға дейін. Тергеу нақты уақытын анықтайды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезектен тыс саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Бейбіт шерушілердің көлеңкесін пайдаланып, терроршыл топтар мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуылдап күл-талқанын шығарды. Содырлардың әрекеттері бір орталықтан үйлестірілген.
Кезектен тыс саммиттің тақырыбы Қазақстандағы бүлік туралы болған соң, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің басшылары әдептен озбай, Аза тұту күніндегі жиындарын бір минут үнсіздікпен бастады. Ең бірінші болып сөз алған Тоқаевтың сөзінше, қаңтардың он күндігінде Қазақстан бұрын-соңды ел тарихында болмаған ең үлкен, ауыр дағдарысты бастан өткерген. Елдегі қантөгіс – мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің талпынысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Оқиғалардың толық қалай болғаны туралы ақпараттарға сүйене отырып, мен осы жаппай тәртіпсіздіктердің бір тізбектен жасалғанын жауапкершілікпен айта аламын. Мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғандардың дайындығы шамамен үш жылға дейін жүргізілген сияқты. Оны тергеу анықтайды. Деструктив күштер тұрақтылықты бұзуға, тәртіпсіздіктер орнатуға бірнеше рет әрекет жасаған. Мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігі үшін біраз сынақ болды.
Елде орын алған бейбіт шерулерді содырлар ұтымды пайдаланған. Халықтың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық саяси талаптары жайына қалғанынан бөлек, олар тіпті ұмытылып та қалды. Басбұзарлар тәртіп келтірмек болған полицейлер мен әскерилерге күш көрсетіп ұрып-соққан. Екі күш құрылымдары өкілдерінің басын кесіп алған. Тоғыз облыс орталығында бүлік салған. Алматы ең қатты ауыр соққы алып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл қаланың құлауы бүкіл тығыз орналасқан Оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді қамтуға жол ашады. Террористер құқықтық тәртіп күштерін өзіне тартып алып, Қазақстан астанасына соққы береміз деп үміттенді.
Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан терроршыл топ өңірлік биліктің, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандар мен банктерге, телемұнаралар мен арналарға, ауруханаларға шабуылдаған. Кейбірін өртеп те жіберді. Әуежайлар басып алынды, автокөлік және темір жолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі жасалды. Лаңкестер өздерінің жауынгер достарының мәйітханалардан шығаруға тырысыпты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл халықаралық террористер меңгерген тәжірибе. Осылайша олар ізін жасырады. Содырлар өздерінің рухтас достарының денелерін оқиға болған жерден алып кетуге тырысқан. Тіпті түнде мәйітханаларға шабуыл жасап, жауынгерлерінің мүрделерін алып шығып, жасырған.
Алматыны содырлардың кері қайтаруына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан келген әскери күштер көмектесті. Тоқаев алдағы уақытта Қазақстанға жасалған террорлық қастандықтардың барлық дәйектерін халықаралық сотқа береміз дегенді айтты. Лаңкестікке қарсы шаралар елімізде жақын күндері мәресіне жетеді, сонымен бірге шетелден келген күш құрылымдарының да миссиясы аяқталады. Путин де мұны шегелеп айтты.
Владимир Путин, РФ Президенті:
-Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің бітімгерлік күштері жіберілді. Олар шектеулі мерзімге келгенін атап өткім келеді. Олардың қай кезге дейін болатынын Қазақстан Президенті өзі шешеді. Бітімгерлік күштер өз функцияларын орындағаннан кейін Қазақстан аумағынан шығарылатын болады.
Қазақстандағы бүлікте ойран салған содырлар жасырынудың жаңа әдісін тапқан. Яғни қарапайым тұрғын болып киініп алып, сақалын алып тастайды, тағы сол сияқты.
Мемлекет басшысы айтқандай, алдымызда ауқымды іс тұр, оған құқық қорғау органдары мен әскери ардагерлер де тартылып жатыр. Елді бұрынғы қалпына келтіру жолында барлық мемлекеттік органдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ертең Парламентте жаңа Үкімет құрамын таныстырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттейтін нақты тапсырма беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!