Алматыдан 30-дан аса көлік қаңқасы, 250 тонна қиранды шығарылды
Қаланы тазалау жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық мекеме қызметкерлері Алматы көшелерінен 30-дан аса өртенген көліктің қаңқаларын жинаған. Көше бойынан 250 тонна бүлінген заттар мен қирандылар шығарылды. Бүлінген 120 жол белгіcі мен 40 бағдаршам жөнделініп жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.01.2022
Елдос Жалбағаев, Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:
-Кеше 950-ге жуық тонна тұрмыстық қалдық шығарылды және көше тазалығы бойынша 250 тонна қоқыс шығарылды. Бүгін 300-ге жуық коммуналдық кәсіпорындар көше тазалаумен айналысып жатыр. 300-ден астам арнайы арнайы техника және 700-ге жуық адам көшені тазалап жатыр.
Тазалау жұмыстары кеше басталған. Бүгін көпқабатты үйлер мен аулалардағы тұрмыстық қалдықтар шығарылып жатыр. Түгі қалмай жанып кеткен "Ұлан" ұлттық гвардия сарбаздары мінген полиция автобусын төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы техникамен тиеп алып кетті. Енді тергеу біткенше автобустың қаңқасы айып тұрағында тұрады.
Республика алаңын да ретке келтіруге рұқсат берілді. Қазір мұнда «Алматы тазалық» Мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 45 жұмысшысы мен 7 арнайы техникасы жұмылдырылған. Көшелердегі тас-талқаны шыққан жол белгілері мен бағдаршамдар да қайта орнатылып жатыр. Жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер қиратқан 40 бағдаршамның он бесі кеше жөнделсе, бүгін жетеуіне күрделі жөндеу жүргізіпті.
Құрманжан Ғаппаров, жұмысшы:
-Жаппай тәртіпсіздік кезінде Назарбаев пен Шевченко көшелерінің қиылысымен жақын маңдағы көшелердегі бағдаршамдарды бағанасымен бірге жұлып алған. Барлығының әйнегін сындырып түгін қалдырмай бұзып кетіпті. Қайта орнатуға жарамсыз. Сол себепті жаңасын қойдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!