Шабуыл жасаған екі экстремистік топ құрықталды – Алматы
Алматыда стратегиялық нысандар мен күш құрылымдарына шабуыл жасаған екі экстремистік топ құрықталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, қолға түскен лаңкестік топтың жетекшісі қалаға жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға арнайы келіпті. Ол халықаралық террористік ұйыммен байланысы бар шетел азаматы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.01.2022
Басбұзарлардың бас сауғалап жатқан жерінен қару-жарақ, дыбыс-жарық гранаталар, оқ-дәрілер және діни әдебиеттер тәркіленді. Жалпы шаһарда осы күнге дейін бүлік салған, тонау және басқа да қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 508 адам ұсталды. Олардан 22 қару мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Тонаушылардың бір тобы қала орталығында жалдамалы пәтерде жасырыныпты. 19-25 жас аралығындағы жігіттердің алтауы Жамбыл облысының, екеуі – Талдықорған қаласының тұрғыны. Бүлік кезінде тонаған заттарын да Байтұрсынов көшесіндегі сол пәтерге тыққан екен.
Блок-бекеттерде 56 адам мен 9 көлік қолға түскен. Алматы қаласы комендатурасының мәліметінше, Сайын - Райымбек - Карьерная - Жандосов және Абай - Достық - әл-Фараби - Желтоқсан көшелерінің аумағы қаскөйлерден толық тазартылған. Қазір 102 басқару пультіне хабарламалар толастар емес. Бес күнде полицияға азаматтардан жедел әрекет етуді сұрап 525-і шақырту түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!