Күмәнді адамдар туралы мәліметті полицияға хабарлаңыздар
Елордадағы ахуал анағұрлым тұрақты. Мұнда келіп-кетушілер де емін-еркін жүріп тұр. Жолаушылар ұшақпен ұшып, пойызбен де әрі-бері қатынап жатыр. Қоғамдық көліктер кестесімен жүріп, тұрғындарды діттеген жеріне жеткізуде.
Автор: Елдос Есенбол
10.01.2022
Бас қаладағы Ақорда мен оның қасындағы бірнеше маңызды ғимараттарды сақадай сайланған сарбаздардың күзетіп тұрғанына бүгін бесінші күн. Президент әкімшілігіне барар жолдың бәріне темір және тас қоршаулар қойып, қару асынған күштік құрылым өкілдері өткен-кеткендерді назарынан мүлт жібермейді. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені елде жаппай тәртіпсіздік басталғанда бәз біреулер Ақорданы басып алуға тырысыпты. Мына аркадан көлікпен өту мүмкін емес. Сондықтан азаматтар темір тұлпарын бірнеше шақырым жерге тастап жаяу жүруге мәжбүр. Әскерилер арғы бетке өтпек болғандарды жіті тексеріп барып жібереді.
Қала тыныштығын кіреберістен күзеткендер де осал емес. Елордаға кірер тұсқа алты бағыт бойынша блок-бекет қойылған. Олар Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалалары, Қорғалжын және Астрахан бағыттары бойынша. Елорда маңындағы аймақтарға шығар болсаңыз, кешкі сағат 23:00-ге дейін қала аумағына қайтып оралуыңыз керек.
Елордалықтарға банктердің есігі ашық. Десе де бірнеше күн бұрынғы жағдаймен салыстырғанда мұнда да тіршілік біраз саябырсыған. Ел бойынша ғаламтор істен шыққан кезде адамдар қолма-қол ақша шешіп алуға лап қойған.
Қалада «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары үй-үйді аралап сақтық шарасын түсіндіріп жүр. Өз кезегінде елорда коменданты тұрғындарды жалған ақпаратқа ермеуге, күмәнді жайтты байқағанда дереу құзырлы органдарға хабарласуға шақырды.
Ержан Сәденов, Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы:
-Елордада жағдай тұрақты. Қала толық жедел бақылауда. Блок-бекеттер жұмыс істеп тұр. Күмәнді адамдар туралы мәлімет білсеңіздер, полицияға хабарласыңыздар. Үйде болуды, қала аумағынан шықпауды және балаларыңыздың жүрген жерін бақылауды сұраймын.
Төтенше жағдай режимін бұзғандар жазасыз қалмайды. Олар он айлық есептік көрсеткіштен, яғни 30 мың теңгеден бастап айыппұл арқалауы мүмкін. Егер айыбы артқан жағдайда айыппұл көлемі де көбейеді. Құқық қорғаушылар азаматтардың жеке төлқұжатын, қолжүгін, автокөлігін толық тексеруге құқылы. Олардың жұмысына кедергі келтіріп, қарсылық танытсаңыз, бас бостандығыңызды да шектеуге құқылы. Елде төтенше жағдай режимі 19-қаңтарға дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!