{metadescription}
ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды
ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды

ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды. Шетел әскерлері елден екі күннен кейін шыға бастайды.

Мұны бүгін Президент мәлімдеді. Қазір ұйымның бітімгерлік күштері мемлекеттік маңызды органдарды күзетумен жүр. Өйткені бүлік кезінде лаңкестер елдегі барлық стратегиялық нысандарды басып алып өртеп жіберуді көздеген.

Ал халықтың тыныштығына жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары бүлік кезінде қару мен құпия құжаттарды қалдырып ғимараттарынан қашып кеткен. Әскери саладағы былықтар мен оны жоюдың ендігі іс-қимылы қандай болады?  

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бітімгерлері Қазақстанға келеді дегенде қоғам үрейлене қарады. Шетелде түрлі қауесет, жаңсақ пікірлер тарағаны үрейді үдете түсті. Алайда ел билігі әскерлердің белгілі бір уақытқа жеткізілгенін айтып, халықтың толқынысын басты. Бүгін Тоқаев шетелдік сарбаздардың елдегі миссиясы аяқталғанын мәлімдеді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан келген 2 жарым мың бітімгер мен 250-ге жуық әскери техника Қазақстанның әр өңіріне тыныштық сақтау үшін маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуге жіберілген. 6-қаңтардан бастап елге аяқ басқан шетелдік әскер енді екі күннен кейін шығарылады. 13-қаңтарда басталатын процесс 10 күнде мәресіне жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп қолдау көрсету.

Бейбіт шерулердің арты ұрлық-қарлыққа, атыс-шабысқа, өлім-жітімге ұласатынын ешкім күткен жоқ. «Алдын-ала ұйымдастырылған зұлымдықтың бір көрінісі» деп бұл оқиғаларға баға берген Тоқаев ойран салғандарға еліміздің күштік құрылымдары күш көрсеткенін, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында мемлекеттік төңкеріске жол берілмегенін тағы бір шегелеп айтты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті кейбір істе мүлт кеткені президенттің шамына тиіпті. Әсіресе құнды, құпия құжаттар мен қару-жарақтарды содырларға бере салған комитеттегілердің адалдық танытпаған әрекеті үлкен сын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Жеткілікті қару-жарақ болғанына қарамастан, бірқатар өңірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары ұрысқа қатыспай, қару мен құпия құжаттарды қалдырып, қызметтік ғимараттан кетіп қалған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде елдегі іріткіге нақты баға бере алмады, бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке сыни қауіп-қатерді байқамады. Шабуылды ұйымдастырушылар сыныққа сылтау іздеп отырды, олар өз ойларын қайтсе де жүзеге асыратын еді.

Бес жарым жылдан аса арнайы мемлекеттік органды басқарған Кәрім Мәсімов қазір қамауда. Оған және әзірге есімі айтылмаған өзге тұлғаларға «мемлекетте сатқындық жасады» деп айып тағылды. Ұсталғандар халықтың да, оның басшысының да сан сауалына жауап бермек. Өйткені елімізде лаңкестер топтасқан құпия жерлер табылыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Неліктен мемлекет содырлардың топтасқан жерлерінің болғанынан бейхабар, неге олардың іс-қимылы тоқтатылмады? Неліктен еліміздің аумағында заңсыз қару-жарақ пен арнайы құралдар көп сақталған? Неліктен террорлық нысандарды анықтау және бейтараптандыру бойынша агенттік жұмыс жүргізілмеген? Арнайы жедел тергеу тобы өз жұмысын сапалы және толық көлемде орындап, оқиғаның барлық себептері мен егжей-тегжейін ашуы керек.

Қазақстандағы бүлік әлеуметтік жағдайдың бір-біріне сәйкес келмейтінінен туындапты. Президент өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы бұған кері әсерін тигізгенін алға тартты. Қазақстанның «Даму банкі» белгілі бір топтың ғана жеке банкіне айналғанына қынжылған мемлекет басшысы Үкіметке бай-бағландардың сол компанияларын анықтауды тапсырды. Ал төтенше жағдайды пайдаланып елден шығарылып жатқан ақшаны Ұлттық банк пен Қаржы агенттігі енді қатаң қадағалайды.

Отанын жанұшыра қорғағысы келетін жастардың қазір қарасы аз. Әскери міндетті өтеуден қашатындарды ынталандырылу керек. Тоқаев ел болып оның алғышарттарын ойластыруға тиістіміз дейді. Президент барлық құқық қорғау органдары жүйесі түбегейлі өзгеретіне сенімді. Арнайы құрылымдағы әскерилердің айлығы артады. Материалдық-техникалық базасы жақсартылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде