Президент жылы орында отырып жоғары жалақы алатындарды сынады
Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын ұстап отырған "Самұрық-Қазына" қорына да тезірек ревизия жасалуға тиіс. Егер реформалауға келмесе, қордың ел экономикасына керегі шамалы деді президент. Бюджеттің бір бүйірін толтыруға тиіс.
Автор: Елдос Есенбол
11.01.2022
Қытаймен арадағы кеденде де былық көп. Оны тез арада шешуді президент Үкіметке тапсырды.
Алдағы бес жылда Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар мен жалпы мемлекеттік қызметтегілердің жалақысын өсіруге мораторий жарияланды. Алдағы уақытта осы мемлекеттік аппараттың саны да қысқартылуы мүмкін.
Жаңа премьер-министрді тағайындап алған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын тұрақтандыру үшін нақты тапсырмаларды шегелеп айтты. Ең алдымен елдің экономикалық жағдайын жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеру керектігін атап өтті. Ол үшін теңге бағамын тұрақтандыру күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Себебі, көп жылдардан бері жоғары инфляция экономикадағы шешілмеген түйін болып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Халықтың амандығы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл сөзді іс жүзінде дәлелдейтін уақыт жетті. Көптің түйткілді мәселелері әлі күнге дейін шешілмей келеді. Барлық әлеуметтік топ өкілдерінің жалақысы экономикаға сай өсуі тиіс. Елде қалыптасқан экономикалық жүйе мемлекеттік кірісті тұрақтандырғанымен, оны бөлу кезінде тиімісіз болып тұр.
Президент сөзінде атап өткен көптің түйткілді мәселесінің бірі де, бірегейі – қымбатшылық. Базарға бара қалса қалтасын қағып беретін халықты ашындырған да осы мәселе. Қаңтардың суығында қарашаны көшеге шығарған да осы қымбатшылық еді. Әуел бастағы бейбіт митинг те газ бағасының өсуіне наразылықтан басталған.
Осы ретте президент елдің стратегиялық активтерін басқаруда басты рөл атқаратын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұмысын сынға алды. Сондықтан үкіметке стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп квазимемлекеттік секторларды реформалауды тапсырды. Егер олай болмаған жағдайда «Қордың ел экомикасына керегі бар ма?» деген сұрақ қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? «Ұлттық байлықты еселей алды ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат шетелдік мамандарды тартқаннан пайда бар ма? Егер қорды реформалау мүмкін болмаса, ондай құрылымның керегі бар ма?!
Президент жылы орында отырып жоғары жалақы алатындарды сынады. «Мемлекеттік қызмет басшылары халықпен емін-еркін тілдесе алмайды, жүздесуге қорқады» деген президент олардың жалақысын бес жылға көтеруге мораторий жариялауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Өткен жылдың соңында депутат, әкім және үкімет мүшелерінің еңбекақылары мен шығысы туралы баптар мәселесін талқыладық. Меніңше, олардың жалақысы жеткілікті. Сол себепті олардың жалақысын көтеруге бес жыл мораторий жариялауға болады деп есептеймін. Мен бұл депутаттар үшін жақсы жаңалық емес екенін түсініп тұрмын. Бірақ сіздер бұған түсіністік танытасыздар деп ойлаймын.
Экономикалық тұрақтылыққа негіз болатын құнды қағазды ғана емес, қағазбастылықтың өзінен де құтылуға нұсқау берді. Цинфрландыру деген жай ғана әдемі сөз емес, оны іс жүзінде орындау керек деген президент цифрландыруға көшу керектігін айтты. Оның алғашқы қадамы жиналыстың көпшілігін онлайн форматта өткізу болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!