Тоқаев: «Қазақстандық байлар халыққа тиесілі байлықты қайтаруға тиіс»
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды. Шетел әскерлері елден екі күннен кейін шыға бастайды. Мұны бүгін Президент Мәжіліске жаңа премьердің кандидатурасын ұсынған кезде мәлімдеді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
11.01.2022
Ал сол террорлық шабуыл кезінде күш құрылымдарының басшылары қару-жарақ толы кеңсесін тастай қашған. Әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер. Мұны президент қатаң сынға алды.
Елімізде орын алған лаңкестік әрекеттерге кімнің қатысы бары алдағы уақытта жіті тексерілмек. Ал елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге халықтың бай мен кедей болып бөлінуі әсер етті дейді Тоқаев. Бұл ретте квазимемлекеттік секторға сауал көп. Енді "Самұрық-Қазына" қорына ревизия жүргізілетін болады. Соның қорытындысы бойынша ел қаржысының 60 пайызын ұстап отырған қордық болашағы шешілмек.
Президент қатысқан Мәжіліс отырысы тек бір сағатқа созылды. Ең бірінші болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев антитеррористік операциялар аяқталды, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан келген сарбаздар екі күннен кейін елден кетеді деп мәлімдеді. Қазақстанға 6-қаңтардан бастап 2 жарым мыңдай бітімгер мен 250-ге жуық әскери техника тыныштықты сақтау үшін маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуге келген еді.
Екі күннен кейін миссиясы аяқталатын шетелдік әскерилер 13-қаңтардан бастап он күн ішінде елден шығып болады. Оларды негізі әкелмеске болмапты. Өйткені халық сенген Ұлттық қауіпсіздік комитеті кейбір істе мүлт кеткен. Әсіресе органдағы басшылар құнды құпия құжаттар мен қару-жарақтарды содырларға бере салған комитеттегілердің адалдық танытпаған әрекеті үлкен сын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Жеткілікті қару-жарақ болғанына қарамастан, бірқатар өңірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары ұрысқа қатыспай, қару мен құпия құжаттарды қалдырып, қызмет етіп отырған ғимаратынан кетіп қалған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде елдегі іріткіге нақты баға бере алмады, бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке сыни қауіп-қатерді байқамады. Шабуылды ұйымдастырушылар сыныққа сылтау іздеп отырды, олар өз ойларын қайтсе де жүзеге асыратын еді.
Тоқаев бұл жиында сан сауалмен бас қатырды. Елде заңсыз қару көп сақталған. Терроршыл топтың топтасқан ошақтары анықталыпты. Сондықтан бірінші кезекте, Тоқаев ұлттық қауіпсіздіктің барлық жүйесін қайта құруды тапсырды. Реформалар құқық қорғау құрылымдарына да қатысты болады, Қазақстан әскерінің жарақтандырылуына да назар аудару қажет. Ұлттық «Ұланда» сарбаздар жетіспейді. Мұның бәрі лаңкестер тиімді пайдаланған. Алайда президенттің сөзінше, басты себеп бұл емес. Халықтың бай мен кедей болып бөлінуі, әлеуметтік теңсіздік тәртіпсіздіктерге ең қатты әсер еткені. Екі тарап арасындағы алшақтық жер мен көктей.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Халықтың амандығы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл сөзді іс жүзінде дәлелдейтін уақыт жетті. Жұрттың табысы экономиканың өскеніне қарай өсуі тиіс. Бұл аксиома бізде жұмыс істемеді. Қазіргі экономикалық жағдайдан қаржылық-олигарх топтары пайда көрген.
Олигархтар енді мемлекеттің ылғи назарында болады. Ұлттық банк олардың байлығын тексеріп қана қоймай, төтенше жағдайды пайдаланып шетелге негізсіз жіберіліп жатқан қыруар қаржыны бақылауына алады. Президент Қазақстанның «Даму банкін» де жіті тексеруді тапсырды. Өйткені бұл банк шағын және орта бизнеске емес, арнайы тамыр-танысы мықты топтың жеке банкіне айналған. Мемлекеттің миллиардтарын пайдаланып отырған банктің жұмысын кім заңсыз пайдаланғанын Ақорданың иесіне аян. Сондай-ақ елдің экономикасына тікелей әсері бар «Самұрық-Қазынаға» ревизия жасалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Осы тұста Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? «Ұлттық байлықты еселей алды ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, Директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат шетелдік мамандарды тартқаннан пайда бар ма? Егер Қорды реформалау мүмкін болмаса, ондай құрылымның керегі бар ма?!
Құрамына бірнеше компания тобы кіретін «Самұрық-Қазынаның» болашағы не болатыны алдағы күндердің еншісінде. Кірісі мол компаниялар мен халықаралық аренада беделге ие қазақстандық байлардың тобы халыққа тиесілі байлықты қайтаруы тиіс деп Тоқаев тоқетерін айтты.
Бұқараның несібесін бай-бағландар қайтарады деп сенген президент Үкіметке сол компанияларды анықтауға пәрмен берді. Олигархтар елімізде құрылатын «Қазақстан халқына» Қорына ақша аударса, ол денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау саласында нақты проблемаларды шешуге жұмсалады. Қор қызметі толығымен ашық болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!