Алматы әкімі: Сабыр танытқан тұрғындарға рақмет айтқым келеді
Алматы қашан толық қалпына келтіріледі? Бұл сұраққа әзірге шаһар әкімінің жауабы жоқ. Өйткені қалаға келген шығын көлемі толық есептеліп бітпеді. Бейберекетсіздік кезінде келтірілген жалпы залал бүгінгі мәлімет бойынша 95 миллиард. Оның 94 миллиардына жуығы Алматыдағы кәсіпкерлік субьектілерге келтірілген шығын.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.01.2022
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев бүгінгі жиынды орынбасар, бөлім басшыларымен уақытша орналастырылған ғимаратта өткізді. Бүліктен кейінгі алматылықтар көңіліне демеу болар жаңалық – халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда нысандары жұмысын қайта бастады. Алматыдағы соңғы ахуал қандай?
Бақытжан Сағынтаев қарамағындағылармен уақытша Алмалы аудандық әкімдігіне орналасты. Штабтың жұмысын, қаланың тынысын дәл осы жерден бақылайды. Жүк көліктерінің келіп жатқанына қарағанда әлі толық көшіп бітпеген сыңайлы. Бір қызығы, о баста Алматы қаласының әкімдігі дәл осы жерде орналасқан еді. Осылайша араға 30 жыл салып қайта оралды.
Табалдырықты аттағаннан мұздай қаруланған сұсты әскерилер қарсы алды. Тексеріс күшейген. Үлкен мәжіліс залына үйренген Сағынтаевқа мұндай кіші залда жиналыс өткізу таңсық болар. Атқамінер Алматыдағы жағдайдың беті бері қарады дегенмен, әңгіме әлқиссасын бастады.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
-Қала штабы тәулік бойына тоқтамай жұмыс істеп жатыр. Барлық сұраққа қатысты дер уақытында дұрыс шешім қабылдаудың арқасында қаламыз қалыпты өмірге қайта бет бұрды. Осы күндер аралығында су, жылу, газ үзіліссіз берілді. Азық-түлік қорына да ешқандай қауіп төнбеді. Жағдайды тұрақтандыруға ат салысып, сабырлық танытқан тұрғындарға рахмет айтқым келеді.
Расында, бірер күн бұрын үрей құшағында үйден шықпаған тұрғындар қала тіршілігіне қан жүгірген соң көшеде бой көрсете бастады. Оның үстіне бүгін Алматыда алты сауда орталығы есіктерін айқара ашты.
Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары бүгіннен бастап жұмысын қайтадан жандандырды. Клиенттерді таңғы сағат 9 бен кешкі 6 аралығында жұмыс күндері қабылдайды. Әзірге төлқұжат рәсімдеу, көші-қон қызметі көрсетілмейді. Бұл мекемелердің есігі бірнеше күндік үзілістен кейін қайтадан ашылғанмен, келіп жатқан адамдар қарасы аз.
Ернұр Әубәкіров, Алматы қаласы, Медеу ауданы ХҚКО басшысының міндетін атқарушы:
-Әдеттегі күнге қарағанда бүгін кішкене адам аздау. Біз әдетте түске дейін кемінде 600-ге дейін жуық қызметті атқарып жіберетінбіз, ал қазір әлі 200-ге де жеткен жоқ. Мекемеміз бейнекамерамен жабдықталған. Камерада бәрі түсіріліп, күдікті адамдар пайда болған жағдайда 102 нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін шақыруға тырсысамыз.
Қоғамдық көліктердің де қатары көбейді. Кеше бар-жоғы 11 бағытта жүрсе, бүгін 500-ден астам автобус 41 бағытқа жолаушы тасымалдауға шықты.
Көлік жүргізушілеріне құлаққағыс:
Әзірге орталықтағы Байтұрсынов – Жамбыл - Қарасай батыр мен Масаншы көшелерінің аумағын айналып өтуге тура келеді. Респбулика алаңында кейбір жер жабық.
Алматы әуежайы техникалық тұрғыда жұмысын бастауға дайын. Бірақ 15-қаңтарға дейін халықаралық рейстерді қабылдауға да, аттандыруға да рұқсат жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!