Алматыда еріктілер қаланы тазартып, мұқтаждарға азық-түлік тасып жатыр
Алматыда еріктілер көмекке мұқтаж жұртшылыққа қол ұшын созуда. Белсенділер ең алдымен аурухана қызметкерлері мен науқастарға, зейнеткерлер және әскерилерге азық-түлік пен тамақ тасып жатыр. Бұдан бөлек, көшелерді қирандылар мен қоқыстан тазартып, қаланың қайта қалыпқа келуіне атсалысуда.
Автор: Салтанат Шырынхан
11.01.2022
Жанашыр жастар бір апта бұрын жұмысқа кіріскен. Олардың саны қазір 300-ден асып отыр. Арасында қарапайым халықтан бөлек, қауымдастықтар, қоғамдық қорлар, рестораторлар мен кәсіпкерлер бар. Біріккен күш бүгінде көмекке мұқтаж жандарға 21 тонна азық-түлікті таратып беріпті.
Қоймада нан, су, ет, макарон, май, жарма сынды ең қажетті тауарлар қорап-қорабымен тұрған. Алты күн ішінде азық-түліктер көмекке мұқтаж жұртшылыққа жеткізіліп, бүгін сөрелер босай бастапты. Еріктілер қарашаға қораптарды комендаттық сағатқа дейін жеткізіп беріп жатыр.
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруды көздегендер түрлі көмек түрін ұсынуда. Төтенше жағдайдың алғашқы күнінде олар жараланғандарға қан тапсыруға барған. Ауруханаға ауыр жарақатпен толассыз түсіп жатқан науқастарды көріп, қайырымдылық шарасын алдымен емдеу мекемелерінен бастапты.
Нұрсұлтан Шоқанов, кәсіпкер:
-Әрине, оңайға соққан жоқ. Қиындыққа тап болған халықты көргенде бос қарап отыру мүмкін емес. Тауарларды жеткізушілер мен тасушылар басын қатерге тігіп азаматтық парызды орындауға тырысты. Атылған оқтардың дауысы кім-кімнің болса да үрейін ұшырады. Сын сағатта соғыс ардагерлерінің ақылына жүгіндік. Олар еріктілерімізге қиын сәтте қалай әрекет ету керек жолын көрсетіп бағыт-бағдар берді.
Осылайша сын сағатты бірігіп еңсеруге тырысқан қала тұрғындарының қатары көбейіп жатыр. Өз бетінше қаланы қоқыстан тазартып қираған ғимараттарды қалпына келтіруге жиналғандар да жетерлік екен.
Рафаэль Гасанов, «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті:
-Әсіресе Алматыда төңкеріс қатты болды. Соның салдарынан қаланың астан-кестеңі шықты. Осы орайда бірі тамақ істесе, бірі нан пісіріп, жан-жақты қолдан келген көмекті көрсетуге тырысып жатыр. Тек азық-түлікпен емес, қаланы қайта қалпына келтіруге де біріккен жастардың қарасы қалың. Өз мекенімізді сақтап қалу өзіміздің ғана қолымызда.
Еріктілер азық-түлік себеттері мен басқа да көмектің көп бөлігіне өз қаражатын жұмсаған. Қаланың қайта қалыпқа келуіне де қайырымды жандардан 35 миллион теңге қаржы жиналыпты. Қиын-қыстауда жақсылық жасап жарысуға кез келген тұрғынның мүмкіндігі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!