Жұмысына кіріскен Үкіметте әзірге нақты жоспар жоқ
Қайта жасақталған жаңа үкімет жұмысын бастады. Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинеті алдымен ант берді. Жұмыстарына бірден кірістік дегенімен, әзірге Үкіметте нақты жоспар жоқ. Оны дайындауға үш апта ғана уақыт берілген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.01.2022
Жаңа министрлер елді дағдарыстан шығарып, жаңа Қазақстанды құруға бүкіл күш-жігерін салу керек. Жаңарған үкіметтегі жаңалық қандай?
Кеше ғана жасақталған жаңа үкімет үш ай бұрынғы жұмыс режіміне қайта оралды десек болады. Бүгінгі жиындары бұқаралық ақпарат құралдарынсыз өтті. Отырысты онлайн тыңдаған тілшілерді кіргізбеуге қауіпті індеттің өршуі мен төтенше жағдай себеп. БАҚ-пен бірге орнын сақтап қалған бұрынғы 11 министр де Үкімет үйінің табалдырығын аттай алмады. Шенеуніктер баяндамасын онлайн оқыды.
Отырысқа жаңа алты министр шақырылған. Мәдениет министрі болған Дәурен Абаевтан басқасы Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. Енді Смайыловтың командасы бір минут та тыным таппауы тиіс. Жаңа министрлер кабинетінің алдында мемлекеттік маңызды міндеттер тұр. Үкіметтен халық нақты нәтиже күтеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономика өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы, тонаушылар келтірген орасан шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтуде.
Жаңарған үкімет елді ауқымды дағдарыстан шығаруы керек. Халықтың табысы артса, экономика өссе ғана тығырықтан шыға аламыз. Шенеуніктердің дәл қазір уақыты тым тығыз. Үш аптадан кейін олар Президентке өздерінің іс-қимыл жоспарын ұсынуы тиіс. Қыспаққа алған жоғары инфляция әлі екі-үш жыл сақталатын түрі бар. Ол 3-4 пайызға түспейінше, базардағы тауар құны әлі де өсуі мүмкін. 180 күндік мораторий аяқтала салысымен билік бағаны қолмен басқаруға көшпек.
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Біз реттеуді алып тастағаннан кейін бағаның бірден өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында бәсекелестікті дамыту және шамадан тыс делдалдықты жою арқылы нарық қағидаттарын енгізу және «осал тұстардың» орнын толтыру үшін осы берілген уақытты пайдаланып қалуымыз керек, өйткені өнім шығарушылар шығынға ұшырап жұмыс істемейді.
Бума-бума қағаын құшақтай келген Үкімет мүшелерінің ешқайсысы азық-түлік бағасын тұрақтандыруда нақты шара ұсынған жоқ. Елдің батысындағы бейбіт шерулерге себеп болған сұйытылған газдың құнын бүгінде мемлекет реттеп отыр. Жаңа бағалар қалай белгіленді, солай көптеген жанармай бекеттерінде «газ жоқ» деген тақтайшалар пайда болды. Газбен бірге дизель отынының бағасы да жарты жыл өспейді. Соның өзінде ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға 380 мың тонна жанармайды нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен беруді сұрап отыр. Бұл ауыл шаруашылық өнімдері құнының арзандауына септігін тигізеді екен. Қарашөкеев картоп, сәбіз, күнбағыс майын экспорттауға да тыйым салмақ.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымдары мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеу енгізілді; картоп пен сәбізді экспорттауға үш ай мерзімге тыйым салынды; ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салынды.
Тоқаевтың сынынан кейін утилизация алымымен айналысып келген жеке компанияның орнына бірыңғай мемлекеттік оператор құрылатын болды. Бес жылда халық бұл серіктестіктерге 691 миллиард теңге беріпті. Қазір утилизация алымынан түскен қаржының 220 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктерде жатыр.
Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Жеке мемлекеттік оператор немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасын да құру, екінші кәдеге жарату коэффициенттерін қайта қарау, үшінші кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру.
Олигархтар, байлығы асып-тасқан ірі компаниялардағы бизнесмендер де енді ақшасымен бөлісуіне тура келеді. Шетелге ақша жіберу жағынан қандай да бір күдікке ілінген бай-бағландарды үкімет бірден тексеріп тоқтататынын тоқтатады. Қалталылар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдауға деп ашылатын «Қазақстан халқына» қорына қаржы салып отыруға міндеттеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!