АҚШ-та шот ашқан жерлестеріміз туралы ақпарат алуға болады
Депутаттар жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындауға кірісті. Президент соңғы күндері болған төтенше жағдайға байланысты Үкімет пен Парламентке осындай тапсырма берген. Мәжіліс әлеуметтің осал топтары үшін пәтер алу және жалдау ақысы туралы заң жобасына да түзетулер енгізіп жатыр.
Автор: Әзиза Ғазезқызы
12.01.2022
Елдегі эпидемиялогиялық және төтенше жағдайға байланысты бұл отырысқа журналистер шақырылмады. Сондықтан ұлттық экономика министрімен тек депутаттар тілдесті. Алғаш рет министр ретінде сөз алған Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, мұхит асып АҚШ-та шот ашқан жерлестеріміз туралы енді ақпарат алуға болады. Шенеуніктің Мәжілісте таныстырған құжаты бойынша, енді бай-бағландар алым-салықтан жалтара алмайды. Үкімет олардың мүмкіндігін шектемек. Депутаттар шенеуніктің шаңын қаққысы келіп еді, елдің бас экономисі алғашқы сынақтан мүдірмей өтті. Министрді қолдаған спикер Нығматулин жаңа Қазақстанға қажет заң жобаларының дереу қабылданатынына уәде берді.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанымыздың алдында тұрған негізгі мақсат-міндеттерін белгілеп берді. Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыруда Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл жолда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы, сонымен бірге еліміздің қауіпсіздігін қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға әрі білімді күшейтуге ерекше назар аударатын боламыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!