Алматы: 1700-ге жуық адам ұсталды; 36 қару, 1476 оқ-дәрі тәркіленді
Алматыда соңғы тәулікте 1700-ге жуық адам ұсталды. Қала комендатурасының хабарлауынша, террористерден тазарту операциясы Алатау және Медеу аудандарында жүргізілген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
12.01.2022
Қолға түскендерден 36 атыс қаруы мен 1476 оқ-дәрі тәркіленді. Ұсталғандардың барлығы лаңкестік, тонау және өзге де қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Алматының шетіндегі блок-бекеттерде күдік туғызған 38 адам қамауға алынды.
Тәртіпсіздіктерден кейін қала тіршілігі жандана бастаса да, тоналған бизнес нысандар сол қалпында тұр. Сынған әйнектер мен шашылған техника әлі жиналмапты. Лаңкестер мылтық іздеп қару-жарақ сататын дүкендерге шабуыл жасаған.
Елдар Серіков, куәгер:
- Қарасам, бұзақылар тонап жатыр. Мылтықтардан бастап, бәкілерге дейін барлығын алып кетті. Бұдан бөлек осы жақтан атыс пен жарылыс естідім. Барлығы жас балалар. Олар менің түсіріп жатқанымды көріп соққының астына алды. Ұрып, тепкіледі. Қашып әзер құтылдым. Бұған енді кім жауап береді?
Әкімшілік ғимараттарды 20-ақпанға дейін ретке келтіруге тиіс. Ал тас-талқаны шыққан бизнес нысандарға кезек қашан жететіні белгісіз. Сондықтан кәсіпкерлер әзірге уақытша ағашпен қалқалап қойыпты.
Полицейлер лаңкестерді жаппай ұстауда. Алматыда соңғы тәулікте 1700-ге жуық адам құрықталған.Өткен тәулікте қалада 14 қылмыс тіркеліп, барлығының ізі суымай ашылыпты.
Қанат Таймерденов, Алматы қаласының коменданты:
- Осы уақытта 1678 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 36 қару-жарақ, 1476 оқ-дәрі тәркіленді. Алматының шетінде орналасақан бес блок-бекетте 38 адам ұсталды. Нөмір 102 пультіне 881 хабарлама келіп түсті. Осы уақытта жасалған құқық бұзушылықтарға жауапкершілік едәуір қатаң болады.
Алматы қаласының комендатурасының мәліметінше, бір күннің өзінде жедел әрекет етуді сұрағандардан 136 шақырту түсіпті. Бүгін Алатау мен Медеу аудандары қаскөйлерден толық тазартылды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысып ұсталғандар арасында бойжеткендер де бар. Алмалы ауданындағы үйлерді тексерген тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде жасырынып жатқан 21 және 27 жас аралығындағы бес адамды тапқан. Оның екеуі – қыз бала. Сақшылар пәтерді тінткен кезде қаладағы дүкендерді тонау кезінде алынған бірнеше тұрмыстық техника, компьютер, ноутбук пен түйнектеліп оралған есірткі затын тәркіледі. Тіпті күдіктілер қолды қылған әскери құрал-жабдықтар да табылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!