Ақтөбелік шенеуніктер бүлінген дүние-мүлікті 300 миллионға бағалады
Ақтөбелік шенеуніктер жаппай тәртіпсіздік кезінде облыс әкімдігіне келген шығынды есептеп шығарды. Олар бүлінген дүние-мүлік пен ұрланған техниканы 300 миллион теңгеге бағалап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.01.2022
Бұл шығын көлемі алдағы күні әлі де артуы мүмкін. Себебі, тәптіштеп есептеп шығу үшін қосымша бірнеше бағалаушы компанияның көмегіне жүгінген.
Қазір облыс әкімдігін арнайы жасақ қоршап тұр. Қызметкерлердің жартысы ғана жұмыс істеп жатыр. Қалғаны тек шақыртумен келіп-кетеді. Өзге адамдарды әкімдікке аттап бастырмайды. Ғимаратқа тура бір апта бұрын наразылық шарасы кезінде баса-көктеп кірген болатын. Есік-терезесін қиратып, кәдеге асар техниканың барлығын ұрлап кетіпті.
Қазір жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен 11 адам тергеліп жатыр. Ал 560 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Жараланған 60 адамның 17-сі – тәртіп сақшылары. Шенеуніктер екі апта ішінде әкімдік ғимаратын қайта жөндеп, есік-терезесін бітеген соң толық жұмысқа кірісеміз деп отыр.
Руслан Қамбаров, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Бір тәулік бойы әкімдік ғимаратын ішін бүлдіріп, бұзақылар осында жүрген. Шығынды тағы да есептеп жатырмыз. Ноутбук, компьютер, фотоаппарат сияқты техникалар ұрланған. Бөлмелердің есігінің барлығын бұзып ашқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!