Елімізде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны күрт көбейді
Елімізде коронавирусқа шалдыққандар қатары күрт көбейді. Соңғы тәулікте жұқпалы дертке шалдыққан 4810 науқас тіркелді. Әсіресе эпидемиология ахуалы Елордада мәз емес, ауру көрсеткіші 9,9 есеге артқан.
Автор: Айман Нұрмағамбет
12.01.2022
Жаңа тағайындалған денсаулық сақтау министрі бүгін осындай мәлімдеме жасады. Ажар Ғинияттың айтуынша, аурудың асқынуы «омикрон» штамының шығуымен байланысты. Аталған вирус түрі қазір Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген.
Денсаулық министрі Ажар Ғиният үкіметтің алғашқы отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады деп дабыл қақты. Министрдің айтуынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында тіркелген «омикрон» ауруды асқындырып жіберген. Бұл штам «дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам тарайды екен.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 41 пайызға артты. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Соңғы тәулікте ПТР-тесттің оң нәтижесімен 4810 жағдай және ПТР-тестінің теріс нәтижесімен 79 жағдай тіркеліп отыр.
«Омикронның» Ақтөбеге де жеткенін бірер күн бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалинде айтқан. Тіпті Африка елдерінен шыққан бұл штамның 30 науқастан табылғанын мәлімдеген. Бірақ әкімнің сөзін санитар мамандар жоққа шығарды.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Қаладағы ақпарат бойынша Ақтөбе облысында «омикрон» штамы анықталған жоқ. Республикада бұл штамм Алматы қаласында және де астанада анықталып отыр. Әзірге Ақтөбе облысында жоқ. Дей тұрғанмен мұндай зерттеуді ай сайын жүргізіп отырамыз.
Қарағанды мен Маңғыстау облысында да эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Мәселен, төрт айдай «жасыл» аймақта тұрған мұнайлы өңір бүгін «сарыға» өтті. Соңғы тәулікте облыста 156 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.
Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Ең үлкен көрсеткіш 30-39 арасындағы жастар – 85 адам. 20-29 жас арасындағылар – 68, 21,6 пайыз, 60 жастан жоғары, бүгінгі таңда осы екі аптаның ішінде 35 адам індеткен шалдықты. Соңғы тәулікте облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш тіркеліп отыр.
«Қызыл» аймаққа өткен Шымкентте «омикрон» әлі ресми тіркелмесе де, дәрігерлер қауіпті штамм бар деп жарияға жар салып жатыр. Ақ халаттылардың бұлай жамандық шақыруына эпидахуалдың күрт күрделенуі себеп болыпты. Мәселен, бір күнде ПТР-тест тапсырған 700 адамның 221-інен короновирус анықталған. Сондықтан күннен-күнге өршіп жатқан короновирустан тек ревакцинация қорғайды деп отыр.
Бақытжан Пазилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- «Омикрон» штаммын күтпей-ақ, өзіміз, дәрігерлер, Шымкентте «омикрон» штамы бар деген болжам жасап отырмыз. Себебі, басқа штамдар кезінде ауыратын симптомдар мен қазіргі «омикрон» симптомдарын Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қаласында шыққан науқастардан салыстырып, бізде де бар деп отырмыз.
«Қызыл» аймаққа кірген Атырауда бір тәуліктің өзінде 139 адам індет жұқтырған. Қазір облыстың санитар дәрігерлері сақтық шараларын қайта күшейтті.
Ауру асқынған Алматыда да шектеу шаралары алдағы бес күн ішінде күшейтілетін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!