Өрт сөндірушілер содырлар сойқан салған сұмдықты айтып берді ...
Лаңкестердің шабылуынан аман қалған өрт сөндіру қызметінің мамандары содырлар сойқан салған күндердегі сұмдықты айтып берді. Ылаң басталып баспаналар мен әкімшілік нысандар өртке ораңғанда 101 нөміріне 59 мың қоңырау түскен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
13.01.2022
Лаңкестердің бір тобы шақыртуға шыққан арнайы техниканы тартып алса, енді бірі өрт сөндіру бөліміне баса-көктеп барып талаптарын қойған. Тәртіпсіздіктер кезінде өрт сөндіру маманына оқ тисе, бірнешеуін қасақана сабап тастаған.
Жанып біткен прокуратура ғимаратының қарсы алдында өрт сөндіру көлігі тұр. Қызметкерлер құрал-жабдығын реттеп жатқанда бір топ жігіттер тас атқылап шабуылдаған. Беттерінде медициналық маска, қолында ағаш таяқтары бар. Біреуі техниканың терезесін шақса, екіншісі белгісіз затты жарып алып, барлығы тым-тырақай қашты. Бүлікшілердің арасында тіпті қыздар да жүр.
Ильгиз Қадырбаев, өрт сөндіруші:
- Біз адам құтқарып жаттық. 10-15 бала келіп «мынаны өшірмеңдер» деді. «Бас прокуратура жанып кетсін» дейді. Көліктермен келіп қоқан-лоққы көрсетті, тас лақтырды. Сөйлесем деп шықтым, сөйлесіп тіп тұрған кезде артқы желкемнен ағашпен бір ұрды. 10-15 секундтай есімді жинай алмай қалдым. 20 адамның арасында тепкіде қалдым.
Өрт сөндірушілер қақтығыс кезінде 27 адамды өлім аузынан құтқарып алыпты. Бейнебақылау камерасында таңғы сағат 4 жарымда экстремистердің №8 өрт сөндіру бөліміне шабуылы түсіп қалған. Олар терезелерді сындырып, арнайы техниканы айдап кету үшін есігін айқара ашып тастаған. Сол уақытта бөлімшеде болған қызметкерлер бұзақылардың тапаншамен қаруланып алғанын айтады.
Азат Темірбаев, № 8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Келді де, «екі көлікті беріңдер, біз қазір айдап кетеміз» деді. «Көліктің кілті жоқ» дедік. Өйткені мәшінелерді алдын ала құлыптап, жүргізушілердің қалтасына салып бергенбіз. Қолында қару-жарақ, тапанша болды. Бүйтіп салып тұрды. Оны біз көрдік. Сосын біреуінің қолында ағаш болды. Олар агрессия көрсеткенде біз қарсы шықпадық. Бейбіт түрде мәмілеге келу керек болды.
Жаппай тәртіпсіздік басталған күннен бүгінге дейін 101 және 112 нөміріне 59 мың хабарлама келіп түсіпті. Алайда шақыртуға шыққан төтенше жағдай қызметкерлерін бүлікшілер қару-жарақ, таспент атқылап, отқа оранған нысандады құтқармақ түгілі, жүруге мүмкіндік бермеген.
Жалпы қала бойынша бес өрт сөндіру көлігі осылай күл талқаны шығып өртеніп кеткен. Ал содырлардан зардап шеккен өрт сөндірушілердің жалпы саны 8-ге жетеді. Біреуінің қолына оқ тисе, екіншісін асқан қатыгездікпен ұрып, денесінің сау-тамтығын қалдырмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!