Америкаға әзірге тікелей ұша алмаймыз – алыс магистральді ұшақ жоқ
Қазақстандық әуе компаниялары алдағы екі-үш жылда Америкаға тікелей ұша алмайтын болды. Себеп: алыс магистральді ұшақ жоқ. Индустрия министрлігі 11 мың шақырымға ұша алатын мұндай әуе кемелерін алдағы үш жылдың ішінде сатып алмақшы.
Автор: ГүлбағдаҚайратқызы
13.01.2022
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Ұшақ Қазақстаннан ұшпаса, қатысып отырған келісімшартты орындай алмаймыз. Сондықтан Air Astana Boeing компаниясымен бірлесіп 2023 жылы сондай ұшақтарды аламыз ба деген келісімшартқа қол қойған. Бірақ індетке байланысты Boeing компаниясы осы келісімді 2025 жылға ауыстырайық деп ұсыныс берді. Қосымша Scat компаниясы да осы жұмысты атқарып жатыр.
Министрлік бұған дейін алысқа ұшатын Boeing-қа мемлекет бір тиын да шығармайтынын мәлімдеген. Өз ақшасын жұмсауға жаңа рейстерді ашуға Эйр Астана мен Скат құлшынған. Дегенмен ұшақтарды сатып алу кейінге шегеріліп, америкалықтардың қалтасын қампайтқалы тұр. Осы көктемнен бастап АҚШ-тағы әуе компаниялары Қазақстанға трансатлантикалық рейстер ашады. Ұшақтар батыс жақпен Еуропа арқылы ұшпақ. Рейстер айына бір немесе екі рет қана болады. Бұған Сенаттың бүгін мақұлдап Президентке жіберген құжаты септігін тигізбек.
Былтыр америкалық сарапшылар Қазақстанға келгенде Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында аудит өткізіп, «талапқа сай» деп баға берген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!