Эпидахуал: Соңғы тәулікте 9122 адамнан коронавирус анықталды
Елімізде эпидахуал күрт нашарлады. Бүгін Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды облыстары араға бір айдана аса уақыт салып «қызыл» аймаққа оралды. Ал короновирустың таралу қауіпі ең жоғары өңірлерде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен Атырау облысы тұр.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.01.2022
«Сары» жолақта Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары бар.
Бір тәулікте 9 мың 122 адамнан Ковид-19 анықталып, шілдедегі антирекордтан асып түсті. Жағдайдың ушығуына жылдам тарайтын «омикрон» штамы себеп.
Соңғы тәулікте коронавирус 9122 адамнан анықталып отыр. Мұндай антирекорд соңғы рет жарты жыл бұрын тіркелген. Ал желтоқсандағы көрсеткіштен үш есе көп.
Жағдай әсіресе Елордада ушығып тұр. Мұнда бір тәулікте 5518 адам қауіпті індеттің құрығына ілінген. Оның көбісі жастар, аяғы ауыр әйелдер мен балалар екен. Қарапайым қағидаларды орындамағаны үшін астаналықтарға енді карантин шектеулері қатаңдатылады. Яғни мұндағы оқушылар қаңтардың 31-не дейін, студенттер 6-ақпанға дейін қашықтан оқиды. Білім беру мекемелерімен қоса бірқатар нысан жұмысын тоқтатады.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Екі жыл бойы біз жаңа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бірнеше локдауннан аман шықтық. Жағдайымыз енді оңалады деп жатқанда, «омикрон» штамы пайда болды. Ол осы күнге дейін анықталған штамдарға қарағанда 5-7 есе жұқпалы. Яғни жұқтырған адам инфекцияны короновирустың алдыңғы нұсқаларына қарағанда 1-2 күннен кейін тартуы мүмкін және қысқа мерзімге қайта жұқтыру қаупі жоғары.
Статистика бойынша екінші орында Алматы тұр. Шаһарда бір күнде 1205 адамның сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Қала «қызыл» деңгейде. Осыған орай санитар дәрігерлер жақын күндері жаңа қаулы шығармақ. 5-қаңтардан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарына, караокеге жеті күннен артық «жасыл» мәртебесі бар азаматтарға ғана кіруге рұқсат еді. Енді бұл тізімнің қатары тағы да толықты.
Алматыда қауіпті кесел жұқтырғандардың басым көпшілігі екпе алмағандар. Сондай-ақ «омикрон» штамы 7 адамнан анықталған. Қатаң шектеуге байланысты оқушылар мен студенттер белгіленген уақытқа дейін қашықтан оқиды.
Еліміз бойынша дендеген дерттен бір күнде 3 адам ажал құшты. Ал ауруханада жатқан 200-ден аса науқастың өмірі қыл үстінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!