{metadescription}
0:000:00
Лаңкестердің Алматы полиция департаментіне шабуылы ...

Лаңкестердің Алматы полиция департаментіне шабуылы ...

Қару-жарақ қоймасын көздеген! Алматы полициясының ресми өкілі департамент ғимаратын лаңкестер қалай шабуыл жасағанын айтып берді. Мұздай қаруланған мыңға жуық адам келіссөз жүргізбей, стратегиялық нысанды басып алу үшін жан-жақтан оқ жаудырыпты. 5-қаңтарда болған қарулы қақтығыс 9 сағатқа созылған.

Атыста 20-дан астам содырдың көзі жойылыпты. «Арасында ешқандай бейбіт тұрғын жоқ» деп, сендіріп отыр полициядағылар. Қанды қырғыннан кейінгі полицияның бас ғимаратын КТК тілшісі көріп қайтты.  

Күлге айналған көлік, көл болған қан, жан-жаққа шашылған гильза, сынған терезе, атылған оқ іздері. Бұл кадрлер Алматы полиция департаментіне жасалған шабуылдан кейін түсірілген. Қанды қырғыннан кейінгі көрініс өне бойыңды шымырлатады. Бейбіт жиынды бүлікке айналдырған қаскөйлер полицияның бас ғимаратын тас-талқан еткен.

Мұздай қаруланған лаңкестер ең алдымен диагностикалық орталықты бұзып кіріп ішінен оқ боратқан. Сондай-ақ көпқабатты үйдің төбесіне шыққан мергендер де ғимаратты атқылапты. Полиция департаментін басып алуға мыңға жуық террорист қатысқан.

Полицияның негізгі күші алаңға кеткен кезде, ғимарат ішінде бас-аяғы 100 адам қалған екен. Барлығы қолына қару алып қорғануға көшкен. Кескілескен ұрысқа қатысқан департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қаскөйлердің қару-жарақ сақталған қоймаға кіруді көздегенін жеткізді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Автомат, граната сияқты қаруларды пайдаланып полиция департаментінің ішіне кірмекші болған.Өте жақсы дайындалған адамдар. Кездейсоқ адамдардың қолынан келмейтін дүние. Талдау-тергеу барысында байқағанымыз, қатысушылардың әрбіріне тиесілі өз рөлі болған. Мысалы, біреулер осы маңдағы бейнекамераларды істен шығарса, енді біреулері жиналған жұртқа қару-жарақ таратып жүрді. 

5-қаңтар күні кешкі сегізде басталған атыс тоғыз сағатқа созылған. Шабуыл кезінде негізгі соққыны дәл осы ғимаратта отыратын тергеу және анықтау бөлімінің қызметкерлері алған. Олардың жанқияр әрекетінің арқасында қарақшылар ғимаратқа жақындай алмай артқа шегінген. Тіпті қандықол қылмескерлер ауыр техникамен темір қақпаны бұзып өтпек болған.

Бірақ жүк көлігін тізгіндеген адамды тәртіп сақшылары атып түсіріпті. Жалпы, департаменттегілер қылмыскерлерге тойтарыс беріп, олардың арам ойларын жүзеге асырған жоқ. Атыста 20-дан астам адамның көзі жойылған. Арасында бейбіт тұрғын жоқ дейді полиция өкілі.  

- Жігіттер ғимаратты аман алып қалу үшін барын салды. Үйімізге бірде-бір оқ тиген жоқ. Тобыр адамдарды көрдім. Көбісінің жүріс-тұрысы сау адамға ұқсамайды.

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Алмалы, Әуезов, Медеу аудандарының полиция басқармаларына да шабуыл жасалып от қойылған. Қалада 185 тәртіп сақшысы жапа шегіп, үшеуі қызметін атқару үстінде қаза тапты. 500-ге жуық полиция көлігі өртелген.    

Қазір қаланың полиция департаментінің жан-жағына блокбекеттер қойылған. Мұнда көлікпен әрі-бері жүру мүмкін емес. Стратегиялық нысанды әскерилер күзетіп тұр. Бұл жерден әскери техниканы да байқауға болады. Өйткені шаһар террористерден әлі толық тазартылған жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.