Ереуілден кейінгі Алматының қазіргі ахуалы
Алматыда жағдай тұрақталғанымен, арнайы операция әлі де жүріп жатыр. Соңғы тәулікте Жетісу және Наурызбай аудандарын тексерген полицейлер 2 мыңнан астам адамды ұстады. Олардан бірнеше қару мен оқ-дәрі тәркіленген. Қазір қаланың тіршілігі бірте-бірте қалпына келе бастады.
Автор: Мақсат Мәлік
14.01.2022
Бүгін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа жылдан бері бірінші рет жұмысына кірісті. Ал шаһардағы 860 балабақша төтенше жағдай аяқталған соң ғана есігін айқара ашпақ.
Алматыда арнайы операция әлі жалғасып жатыр. Қала комендатурасының хабарлауынша, соңғы тәулікте тәртіп сақшылары Жетісу және Наурызбай аудандарын сүзіп шыққан. Тексеріс кезінде заңсыз наразылыққа, тонау және өзге де қылмыстарға қатысы бар 2 мың 159 адам ұсталыпты. Олардан 67 атыс қаруы мен 3 мынңан астам оқ-дәрі тәркіленген. Бірақ полиция мен комендатура орталығына хабарласушы тұрғындардың қатары толастар емес. Ең бастысы, қаладағы жағдай тұрақталып, күн өткен сайын тіршілік жанданып келеді.
Алматыда бүгіннен бастап мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының есігі айқара ашық. Көлік сататын немесе сатып алатын тұрғындар құжаттарын рәсімдеп, өзге де қызметтерге жүгіне алады.
Қаладағы дүрбелеңнен соң енді ғана жұмысын жандандырған орталыққа келушілердің қатары баршылық. Алайда ұзын-сонар кезек пен қатты қарбаласты байқамадық. Әдеттегідей кезегін күткен жұрт орындықтарға жайғасса, кейбірі анықтама орталығынан қажетті ақпарат алып жүр. Ал көлігінің құжатын рәсімдегендер көпшілік естімегендіктен, қарбалас аз болуы мүмкін деп топшылайды.
Мадияр Тұрсынбек, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жақын туысымыз жаңа көлік алған. Содан төтенше жағдай тынышталғаннан кейін ХҚКО сұрастырдық. Жақын таныстардан естіп келіп тұрмыз. Бәрі тәртіп бойынша жұмыс істеп жатыр.
Орталық қызметкерлері Алматыда бес бірдей мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр дейді. Бұл ұйымдар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін қызмет көрсетеді. Бірақ құжаттар түскі 4-ке дейін ғана қабылданады. Тұрғындар ішке «Ашық» қосымшасы арқылы кіріп, бетперде режимін қатаң сақтауға тиіс. Ал орталықтың тыныштығын қарулы күзет қадағалайды.
Мұхтар Отарбай, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жетекшісі:
- Көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру қызметі істеп тұр. Теория кабинеті де істеп тұр. Мемлекеттік нөмірді тіркеу, беру, барлығы іске қосылған. Техникалық ақау болды, бірақ сәл уақыт қана дейді. Бірақ кезекте адамдар тұратындай қатты ақау болған жоқ.
Ал қаладағы балабақшалардың төтенше жағдай аяқталғанша жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мұндай тәртіп мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің барлығына бірдей дейді басқарма өкілдері.
Ләззат Жылқыбаева, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы:
- 5-қаңтардан бастап қаладағы қалыптасқан жағдайға және қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты жалпы 71 мыңнан астам бала қамтылған 860 балабақша жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Бұл жерде 190 мемлекеттік балабақша, ал 670 - жекеменшік балабақша. Төтенше режим аяқталғаннан кейін, яғни балабақшалар 20-қаңтардан бастап жұмысын бастайды.
Алайда балабақша қызметіне қатысты қаладағы эпидахуал міндетті түрде ескеріледі. Сол себепті мектепке дейінгі мекемелер кезекші топ режимінде жұмыс істеуі мүмкін дейді әкімдіктегілер. Сондықтан бұл мәселе тағы бір пысықталып, ата-аналарға қосымша хабар беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!