«Қазақстан халқына» – «Қазақстан халқынан» қорына айналып барады
Бай-бағландар мен қалтасы қалың кәсіпкерлердің ақшасымен толығуы тиіс «Қазақстан халқына» қорына мемлекеттік қызметкерлер жаппай ақша аударып жатыр. Үкіметтің жаңа басшысы Әлихан Смайыловтың өзі де бір күндік жалақысын аударған.
Автор: Елдос Есенбол
17.01.2022
Ал байлығымен бөліседі деп күтілген олигархтар сол күйі үнсіз. Тек бірлі-жарым банктердің бөлген санаулы миллиардтары болмаса. Сол там-тұмдап жиналған халық қорының жұмысына кімдер жауапты, қаржы қайда жұмсалады?
"Қазақстан халқына" қоры өткен сейсенбіде президенттің пәрменімен құрылған. Мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешу. Мысалы, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсету, ауылдарда спорт нысандарын салу, қираған Алматыға осы қор арқылы көмектесу көзделген.
Сонымен қорды экс-қаржы министрі Болат Жәмішев басқаратын болды. Және 15 адамнан тұратын кеңес мүшелері сайланды. Құрамында қоғам қайраткері де, депутат да, меценат та бар. Алпауыт компаниялардың тұтқасын ұстаған мықтылар да жүр. Кеңес қор қызметінің негізгі бағыттарын, міндеттерін айқындауға жауап береді, бюджетті бекітеді, басқа да бақылау және ұйымдастыру жұмыстарын атқарады. Бірақ сол мүшелерге де сұрақ көп. Ал қордың өзіне бірінші кезекте елдегі қалталы азаматтар ақша салуы керек еді. Мұны президенттің өзі атап тұрып айтқан болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қорға салымды жеке және мемлекеттік компаниялар салады. Халықаралық қайырымдылық қорларды да тартуға болады. Қалталы кәсіпкерлер тұрақты түрде салым жасайды деп күтеміз. Елімізде пайдаға кенеліп отырған ондай компаниялар аз емес.
Бірақ олигархтар қимылдаймыз дегенше, қара халық ақша жинауды бастап кетті. Мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударып жатыр.
Көпке үлгі болайын деді ме, бұл үрдісті бастағандардың бірі – премьер-министр Әлихан Смайылов. Үкімет басшының бастамасын қарамағындағылар қостап, әкімдіктер де іліп әкетті. Қатардан қалмауға Сенат пен Мәжіліс депуттары да белсене кіріскен. Бірақ қордың қамқорлық кеңесінің мүшесі Олжас Құдайбергенов бұл үрдісті тоқтатуға үндеді.
Олжас Құдайбергенов, экономист, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі:
- Мемлекеттік қызметшілер немесе жеке компаниялар бір күндік жалақысын аударатын үрдіс байқалады. Қор мүлде бұл мақсатқа арналмаған. Қор бір кездері салықтан жалтарып ақшасын шетелге шығарып, енді азаматтық санасын көрсетуге дайын азаматтар үшін. Сондай-ақ бай адамдар мен заңды кірісі бар компаниялар да аудара алады. Мүмкін басқа да табыс көздері табылар. Аз ақша аударғысы келсе, тіпті қарапайым адамдар да жасай алатыны анық. Бірақ бір күндік жалақыны аудару үрдісін тоқтату керек.
Бүгінгі дерек бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына заңды тұлғалардан 12 миллиардтан астам қаржы түскен. Оның 10 миллиардын «Каспий банк» құрылтайшылары Ломтадзе мен Ким аударса, тағы 7 мыңға жуық қазақстандық 10 миллионнан аса ақша аударыпты. Қордың әуел бастағы мақсаты да салықтан жалтарып, бума-бума ақшасын шет ел асырған қалталылардың қаржысын алу еді. Енді бұл қарқынмен жалғаса берсе, мемлекеттік қызметшілердің бір күндік жалақысына да жетпей ме деген күмән бар. Олай болса қордың атауын «Қазақстан халқынан» деп өзгертуге тура келуі әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!