Ауа райы: Ескертуді елемей жолға шыққандар қиналып жатыр
Ақмола облысының тұрғындарын ақтүтек боран әбігерге салды. Синоптиктердің ескертуін елемей жолға шыққандар төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызды. Олар бір түнде 51 адамды құтқарған. Әсіресе жолдан адасып қалған балықшыны құтқару тобы түнімен көз ілмей таңды атырыпты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.01.2022
Ақтөбе облысында толғатқан аяғы ауыр келіншекке көмекке келе жатқан дәрігерлер қар құрсауында қалған. Шығыс Қазақстанда жағдай тіпті қиын. Мұнда қаңтарда жаңбыр жауып, жолдар көктайғаққа айналды.
Алай-дүлей боран болатынын синоптиктер алдын ала ескерткен. Бірақ демалыс күндері жолға шыққан жолаушылар қиындыққа тап болды. Діттеген жеріне жетуге асыққан 10 бірдей көлік Қарағанды - Нұрсұлтан тас жолында соғылып қалған. Әйтеуір бәрі дін аман.
Соңғы екі күнде ақтүтек бораннан республикалық маңызы бар 16 жолдың 37 бөлігі жабық болды. Дегенмен жолда қалып құтқару қызметінің көмегіне жүгінгендер көп.
Қанат Доспаев, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Мобильді жылыну бекеттері ұйымдастырылды. Зеренді, Атбасар, Жақсы Бурабай аудандарында жолда қалған 51 адамды құтқаруға тура келді. Далада адасып қалып, күркесін жел ұшырып әкеткен балықшыны түнімен іздеп таң ата таптық. Ескертуді елемей, өміріне қауіп төнетінін білсе де жолға шығатындар көп.
Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 33 адамның бесеуі – бала. Ересектер қыраулы қыста ауа райына қарамастан балаларын бірге ала шыққан. Осы уақытта аймақтағы барлық трасса жабық болған. Олар мінген сегіз көлікті құтқарушылар қардан аршып алыпты. Қарғалы ауданының шеткі ауылында толғағы қысқан келіншекке дәрігерлер жете алмай әуреге түскен. Құтқарушылар дер кезінде үлгеріп, ақ халаттылар келіншекті үйінен босандырып алды.
Нұрбек Оралбаев, Ақтөбе облысы ТЖД бас маманы:
- Қарғалы ауданында жедел медициналық көмек көлігі қар құрсауына түсіп, босанғалы жатқан әйелге жете алмаған. Сондай хабарлама келіп түсті. Жедел жәрдем көлігін қар құрсауынан босатып, белгіленген уақытта босанғалы жатқан әйелге әзер жеткен.
Қарағанды облысында көктайғақ пен бораннан мектепте сабақ тоқтады. Білім басқармасы баланы үйден шығармауын сұраған хабарламаны таң атпай таратқан. Көктайғақ салдарынан 26 жол апаты тіркеліпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!