Көкталдықтар улы газдан жапа шегіп отыр – Елорда
Улы газдан өкпе бітелді. Елорданың шет жағында тұратын халық ауада тараған күкіртсутегі иісінен жапа шегіп жатыр. Күзден бері Көкталда зиянды заттың көрсеткіші бірден төрт есеге артқан.
Автор: Әзиза Ғазезқызы
17.01.2022
Жағымсыз иістен тұрғындар қысы-жасы далаға шыға алмай, есік-терезесін бітеп отыруға мәжбүр. Қолқаны қапқан иіспен күресіп жүрген мамандардан халық күдерін үзген.
Көктал ықшамауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан әр үй өз қоқыр-соқырын қалаған тесігіне төгеді. Біреулер өзенге ағызады, енді бірі амалдың жоқтығынан ауыл ішін ластайды. Сол сасық судан ауаға бөлінген зиянды заттың иісінен тұрғындар «ауру таптық, өкпемізбен әрең тыныстап жүрміз» деп ренжулі.
Сағындық Рамазанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Күкіртсутегі ауада шамадан тыс көп деп дәрігерге айттым. Бірақ олар мойнына алуға қорқады. Ол белгілі нәрсе. «Пневмание» деп берді диагнозды. Ал негізінде оған осы күкіртсутегісінің зияны бар деп ойлаймын.
Алена Громина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бір құзырлы мекеме жауапкершілігіне алу керек қой. Біз ауырамыз, оған балаларымыз қосылып жатыр. Бұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Медициналық тұрғыдан қарасаң, біз қазір өкпемізді улап жатырмыз.
Ауа сапасын тексеретін Аirkz қосымшасы Көкталда күкіртсутегінің төрт есе көбейгенін көрсетіп тұр. Оны тұрғындар ұялы телефонмен үнемі бақылап отырады. Қорқыныштысы да сол. Ауа құрамы соңғы екі айда өзгеріссіз. Демек күзден бері адамдар күкірт жұтып жүр. Әсіресе мектеп жанында зиянды химикаттың мөлшері көп.
Жанболат Қайырбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Осы үш айда біз екі рет пе, комиссия жинадық. Былай да іздестіріп жатырмыз. Көзін таба алмай отырмыз. Ешкім жәй жатқан жоқ. Негізі іздестіріп жатырмыз. Табылмай жатыр.
Әкімдік, «Қазгидромет», экологтардан құралған комиссия ай сайын мұнда жиналады. Істеген жұмысы да шамалы. Ал ауаның ластанып-ластанбауын тексеретін зертхана Көкталда зиянды зат мөлшері көп екенін жасырмайды.
Батырбек Галеев, Нұр-Сұлтан қаласы экология департаментінің бөлім басшысы:
- Біз әрдайым тексеріп отырамыз. Соңғы талдау көрсеткіші бойынша күкірттің мөлшері көп. Көкталдағы №40 мектептің жанында кәріз суын төгетін нүкте бар. Ол жерге күніне бірнеше көлік келіп сасыған су төгеді. Жел сол жақтан соққанда көрсеткіш көбейеді.
Таразының бір басына өз денсаулығын қойған көкталдықтар кімге қалай шағым айтып арыз жеткізерін білмейді. Комиссия жұмысынан бір нәтиже шығады деп үміттенбейді де.
Бұл жерде бір минут та тұру мүмкін емес. Исі қолқаны қабады. Сонда да айтайын: Көкталда кәріз суын соратын көліктердің жұмысы қауырт. Минут сайын осы жерге келіп, ақшаға, сорып алған жаман суды төгіп кетеді. Ал тұрғындар кәріз суының жерге сіңіп кететіне сенбейді. Өйткені ықшамауданның қасында жатқан өзен қақаған қыста қатпайтын болыпты. Көбі сасыған судан, одан бөлінген заттан адам емес, өзен де зардап шегіп жатыр деп санайды.
Бір сөзбен айтқанда орталықтандырылған кәріз жүйесі салынбайынша, мәселе алаңдағы доп құсап әр қабырғаға ұрылып жүретін сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!