Алматы 112 миллиард шығынға батты – Бюрократияға жол жоқ
Жаппай тәртіпсіздік кезінде бір Алматының өзіне 112 миллиард теңге шығын келген. Ереуілден кейін қаланың тыныс-тіршілігін жандандыруға кіріскен әкімдіктегілер осындай мәлімет келтірді.
Автор: Мақсат Мәлік
17.01.2022
Қатты зақым келген бизнес нысандары 67 миллиард теңгеге шығынға батыпты. Оның ішінде шағын және орта бизнеске келген залал 42 миллиард теңге.
Ілияс Өсеров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Шағын және орта бизнес арасында азық-түлік сатпайтын дүкендер көп зардап шекті. Олардың шығыны жобамен 21 миллиард теңгеге жуық. Азық-түлік дүкендері 5,7 және қару-жарақ дүкендері 6,4 миллиард теңге шығынға батты. Ал қаладағы ломбардтар 3 миллиард теңгеге жуық зардап шексе, қоғамдық тамақтану орындарына келген залал 1,8 миллиард теңгеге жетті.
Бұдан өзге бизнес нысандары арасында қаржылық ұйымдар 700 миллион, ал ірі бизнес 25 миллиард теңгеге жуық шығынға батыпты. Әкімшілік ғимараттарға келген залал 22 миллиард теңгеден асады. Әсіресе жаппай тәртіпсіздік кезінде түгі қалмай өртенген қала әкімдігінің шығыны шамамен 20 миллиард теңгеге жеткен.
Жалпы қала бойынша 243 нысан бүлініпті. Барлығын қалпына келтіріп, есік-терезелерін ауыстыру қажет. Ал бүлінген ғимарттардың 27-сі мемлекеттік нысан болса, қалғаны шағын және орта бизнеске тиесілі.
Он мемлекеттік нысан бюджет есебінен жөндетіледі. Әкімдіктегілер 37 пәтерге де зақым келгенін анықтапты. Сондай-ақ құны 500 миллион теңгеге жуық бейнебақылау камералары қиратылған. Оның ішінде 766 «Сергек» камерасы және саябақтарға орнатылған 242 бақылау жүйесі бар. Ал «шығынды есептеуде бюрократияға жол жоқ» деген қала әкімі әр істе кәсіпкерлерді хабардар ету қажет дейді.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Күнделікті брифинг арқылы ма, басқа жолдар арқылы ма, бірақ атқарылған жұмыстар жөнінде хабар беріп отыру қажет. Бүгін-ертең Үкіметтің шешімі қабылданатын болса, онда осы қаражаттардың бәрі біздің бюджетке келіп түседі. Біздің комиссия оперативті және объективті түрде ашық қарап, ешқандай бюроркатияға салмай, қысқа мерзім ішінде осы қаржыларды кәсіпкерлерге жеткізуіміз қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!