Автогазды көтерме бағамен сатқан компаниялар тексеріліп жатыр
Еліміздегі автогазды көтерме сатумен айналысатын алты компания тексеріліп жатыр. Олардың қатарында «ҚазМұнайгаздан» бастап, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «КазГермұнай», «Қазақойл-Ақтөбе» бар.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.01.2022
Тергеушілер мұнай алпауыттары нарықта бәсекенің аздығын сезініп газ құнын көтерді ме деп күдіктенеді. Тексеру жүріп жатқан ірі алты компания тек ел ішінде ғана емес, ТМД-ға сұйық газ экспорттаумен де айналысады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігіндегілер автогаз маңайында бөлшек саудамен айналысатындар да бақылаусыз қалмайды деп отыр. Қазір осындай 180 нысанға тексеруді бастап кетіпті.
Бірер апта бұрын бекіткен сұйық газдың бағасын 180 күн ішінде ешкім өзгерте алмайды. Осы уақыт бойы литрі батыста 50 теңге, оңтүстікте 60 теңге, солтүстік пен шығыста 60-70 теңге аралығында ғана сатылуға тиіс.
Дизельді отын сатумен айналысатын бекеттерге де тексерушілер келген. Осы уақытқа дейін бағасын негізсіз көтергендерін анықтаса дереу жауапқа тартамыз деп отыр. Ұлттық экономика министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін өзге елден келіп-кететін көліктерге шектеу қоймақшы. Транзиттік көліктер тәулігіне шекарадан тек бір рет өте алады. Ал бензин, не газ құятын ірі көлемді багі бар көліктерге елге кіруге тыйым салмақшы.
Тауар биржасында газ құнын түсіруге қатысты шара қолданбағандардан қазір жауап алып жатыр екен.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Хабарламаны орындамау фактісі бойынша ЕTS тауар биржасының сауда алаңының ұйымдастырушысына қатысты тергеу жүргізілуде. Бас прокуратура агенттік қызметкерлерімен бірлесе отырып нарықтың сауда-саттық ұйымдастырушыларына қатысты 102 субъектісіне тексеру бастады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!