Қазақстанда коронавирусты жұқтыру 20 есеге өсті
Қазақстанда коронавирусты жұқтыру 20 есеге өсті. Ковидтік стационарларда жатқан науқастарға қарағанда үйінде емделушілер қарасы қалың. Мобильді бригадалар күні-түні жұмыс істеуге көшкен.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
18.01.2022
Өңірлер «омикронның» тез таралуын ескеріп ауруханалардағы керуеттерді дайындап жатыр. Үкімет қатаң шектеу шараларын қолға алып, оны бұзбас үшін мобильді топтардың жұмысын жандандырмақ. Үкіметтің кезекті толқынды жеңудегі жоспары қандай?
Қауіпті індет құтырып, ауру адамдарды алқымынан алып жатыр. Қазақстанда «омикронның» кесірінен жағдай тым нашарлап кеткен. Өте тез таралып, жер жаһанды жайлаған штамды жұқтырғандар саны соңғы аймен салыстырғанда 20 есе өскен. Ауру көбейгенімен, өлім-жітім екі жарым есеге азайған. Бұған вирустың көп жағдайда жеңіл әрі симптомсыз өтетіні себеп екен.
Тұмау, жедел респираторлық аурулардағы секілді «омикронның» да алғашқы белгілері суық тигендей әсер қалдырады. Дене қызуы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел. Бұл штамм симптомсыз өтетіндіктен, көп адам вирусты тасып жүргенін аңғармай қалып жатқан сыңайлы. Дәл қазіргі кезде «омикрон» елорда, Алматы және Шымкентті кезіп жүр. Коронавируспен тәулік бойы ауырғандардың 60 пайыздан астамы осы үш аймақта тіркеліп отыр. Жағдайды одан сайын ушықтырмас үшін Министрлер кабинеті қатаң шектеу шараларына көшті.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- ҚР мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде екпе мәртебесiне қарамастан шетелден келген барлық азаматтан теріс ПТР-сынама көрсеткiшiн талап ету мiндеттеледі. Ashyq-та «жасыл» мәртебесі болған жағдайда ғана қызметіне рұқсат етілетін нысандар тізбесі кеңейтіледі. Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуда жекелеген тәсіл қолданылады.
Аурудың өршуінен еліміздегі ауруханаларда 21 мың инфекциялық төсек-орын жасалған. Оның 33 пайызында науқастар жатыр. Жансақтау бөліміндегі керуеттердің 16 пайызы бос емес. Өңірлердегі әкімдіктер қосымша орын дайындауға кірісіп кетіпті.
Үкіметтің коронавирусқа қарсы вакциналау 60 пайыздан асқанда ұжымдық иммунитет қалыптасатынын айтқаны есте. Алайда межеден астық, нәтиже көрінбейді. Екпенің қарқынын бәсеңдетіп алған шенеуніктер бұқараны вакцинаға шақыру науқанын тағы бастайды.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын адамдар түсіні қажет. Сондықтан мониторинг топтардың жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Вирустың таралуын азайту үшін науқастарды дер кезінде оқшаулап, адамдардың көп жиналуына жол берілмеуге тиіс. Елорда, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакцинациялау қарқыны жақсарған жоқ. Демек бұл мәселені әкімдер қарамай отыр.
Қазақстанда 9 миллионға жуық адам ғана толық иммундаудан өтті. Ал екінші қайтара вакцина салдыруға сол 9 миллионның 10 пайызы ғана барыпты.
Нұр-Сұлтан ревакциналау көрсеткіші бойынша әлі сол соңғы орында тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі ревакцинация үшін Pfizer вакцинасын, сондай-ақ, QazVac, Sinopharm препараттарын қосымша сатып алмақ. Ал қаңтар айының соңына дейін "Спутник Лайт" вакцинасының 150 000 дозасы жеткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!