Алматы әуежайы қалыпты режимдегі жұмысын бастады
Алматы әуежайы қалыпты режимдегі жұмысын бастады. Көліктер мен шығарып салушылардың кіруіне рұқсат етілді. Әуежайға алдына ала есептеу бойынша 22,6 млрд теңге шығын келтірілген. Толық жөндеуден өтпесе де, халықаралық дәрежеге ие стратегиялық нысан жұмысын тоқтата алмайды. Рейстер қазір толық атқарылып жатыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
19.01.2022
Бұл кадрларда бүлікшілердің келе жатқанын естіген жолаушылар абыр-сабыр болып, қайда қашарын білмей жүр. Лаңкестер осыдан екі апта бұрын халықаралық әуежайды басып алған болатын. Олар тұрақта тұрған көліктерді өртеп, нысанға кіріп банкоматтарды тонаған.
Бүлікшілер ғимарат ішіндегі дүниелердің тас-талқанын шығарған. Қазір әуежайдағы жағдай тұрақты. Алайда әрбір келушіні жіті тексеріп жатыр.
Тәртіпсіздіктер басталмай тұрып Анна Иволга жұмыс бабымен Ресейге ұшпақшы болыпты. Бір ай бұрын билетті сатып алып дайын отырған. Алайда бүлікке айналған митингтің салдарынан Қазақстанда қалып қойыпты.
Анна Иволга:
- 12-қаңтар күні Краснодарға ұшып барамын деп ойлағанмын. Бірақ митингтің кесірінен рейстер тоқтатылып, билетті ауыстыру керек болды. Енді бүгін ұшатын болдым. Тағы бір нәрсе болып қалады ма деп, төрт сағат ерте келдім.
Мұндағы қызметкерлердің айтуынша әуежайда ылаң салғандардың саны 50 адамға жуықтайды. Нысанды басып аларда ішінде мыңнан аса жолаушылар мен қызметкерлер болыпты. Лаңкестердің келе жатқанын естігенде барлығын эвакуациялап, ешбірі зардап шекпеген.
Найля Жабагина, Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Қазір әуежайды жөндеу жұмысы аяқталып қалды. Ішкі және халықаралық рейстерді қалпына келтіріп жатырмыз. Бүлікшілер көбінесе дүкендерді тонап, әйнектерді сындырып кетті. Олар әуежайға тиесілі көліктерді мініп айдап жүрді. Барлығын қиратып, сындырып, кетіп қалды. Бейнекамераларымызды бұзған. Қазір барлығын өзіміз ретке келтірдік.
Қазір Алматы әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ел арасында келіп-кетіп жатқан халықтың қарасы көп. Кейбір банкоматтар уақытша істен шықса, дүкендер қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр.
Ұша алмай қалған жолаушылардың билеттері басқа рейске ауыстырылды. Митинг басталған күні әуежайда 213 рейс жоспарланған екен. Алайда соның жартысын ғана атқарып үлгерген. Алдын ала есептеу бойынша келтірілген шығын көлемі 22 миллиард теңге.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!