Тоналған мүлік шығынын кім қайтарады? Мәжілісмендер бастама көтерді
Тәртіпсіздік кезінде шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің құқығы қорғалуға тиіс. Бүгін мәжілісмендер осындай бастама көтерді. Депутат Ерік Өмірғалидың айтуынша бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. Өйткені бизнесі бүлініп қыруар қаржыдан айырылған кәсіпкерлердің ісі тоқтап тұр. Бүлікшілер тонаған мүліктің шығынын кім қайтаратыны белгісіз.
Автор: Елдос Есенбол
19.01.2022
Жалғыз көмек – төтенше жағдай аяқталғанға дейін несиелердің уақытша тоқтатылуы. «Енді ол да аяқталды», - дейді депутат. Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғауға тиіс «Атамекен» Ұлттық палатасы іс жүзінде әрекет етудің орнына келтірілген шығынды есептеумен ғана шектеліп отыр деп айыптады.
Ерік Өмірғали, Мәжіліс депутаты:
- Ең алдымен кәсіпкерлер жағдайын түзеп алғанша қаржы мониторингі агентігі олардың қарызын қайтаруды уақытша 90 күнге тоқтата тұруы керек. Осынша мерзімде салықтан да босатылсын. Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін пайызсыз қарыз берілу мәселесі қарастырылсын. Тиісті қаржыны төлеуден бас тартып жатқан сақтандыру компанияларының ісімен Бас прокуратура айналыссын.
Мың құбылған мәлімдемесімен көптің талқысына түскен Азат Перуашев та шағын және орта бизнес өкілдерінің сөзін сөйледі. «Президенттің олигархтар туралы бастамасын толық қолдаймын» деген ол: «Кәсіпкерлерге салынатын салық тым көп» - дейді. Шектен тыс тексерістер мен мәжбүрлі салық бизнес өкілдерін тығырыққа тіреп отыр. Олар тапқан табысын жасырып отырған жандар емес. Жеке яхта мен ұшақ алып шалқып отқан да олар емес. Сіздерге олигархтарды басқа жерден іздеу керек. Қара халықтың аударған тиын-тебенін санағанша, миллиардтап тонап жатқан ұрыларды тергейтін уақыт жетті» - дейді Азат Перуашев.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты
- Құрметті салықшылар, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тығырыққа тіреу арқылы өнімді іс қылмайсыздар. Елдегі бизнес өркендеуі үшін кассалық салық салудан бас тарту керек. Оның орнына патенттік салық салу жүйесін енгізу қажет. Яғни құзырлы орган кәсіпкер ісін бастар кезде оған жылдық салықтың мөлшерін есептеп береді. Соны сатып алған соң, оларды сан мәрте тексермей, бизнесін өркендету үшін жайына қалдыру керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!