Сағынтаев: Жапа шеккендерге – 2 млн, қаза тапқандарға – пантеон
Алматыда жапа шеккен полиция қызметкерлері, дәрігерлер мен өрт сөндірушілерге 2 миллион теңгеге дейін өтемақы беріледі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаңтардағы қақтығыста жанын пида еткендердің құрметіне еске алу пантеоны салынатынын да мәлімдеді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.01.2022
Шаһар басшысы ереуіл кезінде шығынға батқан бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында бірқатар жеңілдік жасалатынын жеткізді. Қаралы қаңтардан кейін қаланың дамуына қатысты тағы қандай шаралар жүзеге асады.
Орынбасарлары офлайн, кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары онлайн қатысқан штаб отырысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаралы қаңтардан кейін қираған қаланы қалпына келтіріп, қараша қалыпты тіршілікке оралу үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін жеткізді. Шаһар басшысы дүрбелеңнен зардап шеккендер назардан тыс қалмайды деп сендірді. Әсіресе сын сағатында қызметін адал атқарып, түрлі жарақат алған дәрігерлер, күш құрылым өкілдері мен өрт сөндірушілерге өтемақы төленетінін мәлімдеді.
Қақтығыста қала тыныштығы мен азаматтардың өмірін сақтап қалуға күш салу барысында ауыр жарақат алғандарға 2 миллион теңге, орташа және жеңіл жарақат алғандарға 1 миллион мен 500 мың теңгеден беріледі. Сағынтаев қанды қырғында қаза тапқандардың құрметіне пантеон салынатынын да айтты. Қазір құрбандарды еске алу монументінің нобайын әзірлеуге ашық байқау жарияланған. Ал алаң-елеңде оқ тиген жандардың 90 пайызы емделіп ауруханадан шығарылыпты.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қазір үмітсіздікке беріліп қамығатын уақыт емес. Бірлесіп алға жылжуымыз керек. Әр күн, әр сағат маңызды. Тәртіпсіздіктер болған кезден бастап стационарларға түрлі дене жарақатын алып оқ тиіп, пышақпен жараланған 1259 адам жүгінді. 506 адам стационарларға жатқызылды. 436-сы үйіне шығарылды. 70-і ем қабылдауда. 4-і жансақтау бөлімінде.
Қала әкімі аласапыранда астаң-кестеңі шыққан ірілі-ұсақты бизнес нысандардың басшыларына бірқатар жеңілдік жасалатынын тілге тиек етті. Мәселен, шаш етектен шығынға батқан шағын және орта кәсіп иелері үш ай коммуналдық төлемдерден және 6 ай жалға алу ақысынан босатылады. Оларға жеңілдетілген несие де берілмек.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қазір зардап шеккен бизнеске жеңілдік жасау үшін жалға берушілермен келіссөз жүріп жатыр. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында 12 айға жылдық 2%-бен 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі.Сондай-ақ «Almaty Finance-та» несиесі бар алматылық кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу бойынша мерзімді шегеру мүмкіндігі туды. Олар айыппұлдар мен өсімпұлдардан 180 күнге босатылады.
Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасын негізсіз көтеріп жатқандарға қатаң шара қолданамыз деп ескертті. Әкім қарамағындағы қызметкерлеріне үйдің жанындағы дүкендерге күнделікті бақылау жүргізіп, сауда үстемесін 15%-дан асырған кәсіпкерлер болса құзырлы органдарға хабарлауды тапсырды. Өткені әкімдікке әлеуметтік маңызы бар тауарлар күрт қымбаттады деген шағым толассыз түсіп жатыр екен.
Мегаполис басшысы қаланың инфрақұрылымдық дамуына да тоқталды. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, метроның екі бірдей бекеті алты айдың ішінде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл екі жаңа жолайрықтың құрылысы аяқталып, Сайын мен Төле би көшелерін ұзарту жұмыстары жалғаспақ. Жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қала әкімі барын салуға уәде берді. Өйткені қаңтардың басындағы бейбіт шеру қымбатшылықтың қыспағын айтудан басталғаны есімізде. Өкінішке қарай наразы жұрттың көлеңкесінде бұзақылар жымысқы ойын жүзеге асырып, шаһардың астаң-кестеңін шығарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!