Елімізде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 16 мыңға жуық
Дерт дендеді. Қазақстан бойынша бір тәулікте қауіпті кеселді жұқтырғандар саны 16 мыңға жуықтады. Бұл пандемия басталғалы жаңа рекорд! Жылдам тарайтын «омикрон» штамының елді жайлауынан барлық өңірлерде карантин талаптары қайта қатаңдатылып жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.01.2022
Көпшіліктің қатысуымен өткізілетін барлық іс-шара, соның ішінде мешіттерде жұма намазға жамағаттың жиылуына тыйым салынды.
Әнуар Елжанов, Маңғыстау облысы «Бекет ата» мешітінің бас имамы:
- Неке қиюға, құран оқытуға келген адамдар 15 минуттан ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс және мешітімізге «Ашықпен», бетпердемен кіре алады. Сонымен қатар қазіргі елдегі індеттің күшеюіне байланысты облысқа қарасты мешіттер жұма күндері сағат 11:00-15:00-ге дейін жабық болатынын мәлімдейміз.
Қаңтардың басынан бері мұнайлы аймақта 2023 адам ауруға шалдыққан. Соңғы тәулікте 250 тұрғыннан коронавирус анықталып отыр.
Әсіресе Нұр-сұлтан мен Алматы қаласында жағдай мәз емес. Елорда да бір күнде 5050 отандасымыз індеттің ілмегіне іліксе, мегаполисте 2025 адамның сынамасы оң нәтижені көрсетіпті.
Ал эпидкартада Түркістан облысынан өзге аймақтың барлығы «қызыл» түске боялған. Бұған қоса ауруханада жатқан 300 науқас ауыр халде.
Еліміз бойынша індет басталғалы бері кеселге шалдыққандардың жалпы саны 1 миллион 1 жүз мың адамнан асып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!