Сенаторлар: Құрғақ сандар жастарды жұмыссыз, халықты берекесіз етті
Ауыл халқы 35 мың теңгеге күнелтіп отыр. Өзін асырай алмай отырған ауылдағы ағайын қаланы қайдан қамтамасыз етеді? Тұрғындардың «шықпа жаным, шықпа» деп отыруына екі қолға бір күректің табылмауы себеп.
Автор: Әзиза Төленби
20.01.2022
Бүгін депутаттар осылай деп дабыл қақты. Олар ірі аграрлық компаниялар ауылдағы жұмыссыздықты жоюға атсалысу керек деп есептейді.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Үкімет және жергілікті атқарушы органдар ірі ауылшаруашылық компанияларын аймақтарды дамытуға тарта отырып, ауылдық инфрақұрылымды салу және жөндеу, жалдамалы жұмысшылардың жалақысын арттыру, жер үлесі иелеріне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету, ауылда кооперацияны дамыту үшін қызмет көрсететін кәсіпорындар, якорлық өндірістер құру, ауылдық елдімекендердің жайылымдарын олардың тұрғындарына қайтарып беру жөнінде тиісті шараларды қабылдау қажет деп санаймыз.
Ресми деректерде 450 мың отандасымыз жұмыссыз отыр. Оның үштен бір бөлігі ауылдықтар. Алайда халық қалаулылары бұндай статистикаға сенбейді. Олардың пікірінше жұмыссыздардың саны бұдан да көп.
Мемлекет жыл сайын жұмыссыздықпен күреске миллиардтап қаржы шығарады. Мысалы, былтыр дағдарысқа қарсы жобалардың тек 14 пайызы ұзақ мерзімге жасалған. Сөйтіп саусақпен санарлық тұрғын ғана жұмыспен қамтылған. Құрғақ сандар жастарды жұмыссыз, халықты берекесіз етті деп налиды сенаторлар.
Айгүл Қапбарова, Сенат депутаты:
- Барлық дамыған елдерде эпидемиологиялық ахуалға байланысты еңбек нарығындағы жағдай күрт құбылып, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 10 пайызға кем болған жоқ. Ал Қазақстандағы өзгеріс әрі кетсе 2 пайыз. Еңбек министрлігі мен әкімдіктер көп жағдайда жүздеген миллиардтар құйылып жатқан еңбек бағдарламалары аясында тиімділігін аз жобаларға басымдық береді. Сондықтан әлеуметтік саланың әлсіздігін өтейтін негізгі басымдықтар сәтсіздікке ұшырады. Айталық, есеп комитетінің дерегінше, дағдарысқа қарсы жобалардың бар-жоғы 14-ақ пайызы ұзақ мерзімді экономикалық автивтерді және обьектілерді құруға бағытталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!