Ақтөбеде жанармай құю бекетіне шабуыл жасалды
Ақтөбеде жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған қос күдікті ұсталды. Олар қараңғы түнде қарақшылықпен айналысып пайда таппақ болған.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.01.2022
Күдіктілердің қылмысы бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Бас киімін түсіре киіп, медициналық маскамен бетін тұмшалаған қылмыскерлер қаланың қақ ортасындағы жанармай бекетіне сау ете қалады. Бірі қолына балға ұстап, екіншісі пышақпен қаруланған. Іште жүрген жанармай құюшы операторды- балғамен қақ желкеден ұрады. Сәтін салғанда соққы жанай тиіп, ол аман қалды. Одан соң кассирді пышақпен қорқытып, бар ақшаны қалталарына басып алады. Сөреде тұрған темекіні де алуды ұмытпапты. Қазір қос күдікті қамауда отыр.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Олар операторды балғамен ұрып, кассирді пышақпен қорқытып, кассадан 100 мың теңгеден астам ақша мен ұялы телефонды ұрлап, өздерімен бірге бірнеше қорап темекі алып белгісіз бағытта қашып кеткен. Ұсталғандар ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес тергеу изоляторына қамалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!