Бейжің Олимпиадасына арналған спортшыларымыздың формасы
Қазақстан ұлттық құрамасының Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындарына арналған формасы көрсетілді. Спортшылардың киім үлгісі аспан түстес көк, қара және ақ түстен тұрады.
Автор: Елдос Есенбол
20.01.2022
Елсияр Қанағатов, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:
- Қоғамға осы формамыз ұнап жатқанын, спортшыларымыз ұнап жатқанын көріп қуанып жатырмыз. Неге десеңіздер, шынында бұл бір патриоттық сезім береді деген ойымыз бар.
Олимпиада өтетін Қытай климатын ескеріп қаздың мамығымен толтырылған. Соған қарамастан жеңіл әрі қозғалысқа ыңғайлы. Құраманың экипировкасын дайындауға бір жылдан астам уақыт кетіпті. Форманың үлгісін дайындауда спортшылардың ұсыныстарын ескерген.
Жаңа форманың көрсетіліміне Токио олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Софья Берульцева және өзге де Жазғы олимпиада ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларымыз қатысты. Бұған дейін ел тарихында тұңғыш рет Олимпиада ойындарында спортшылар «Qazaqstan» деген жазумен өнер көрсететін болады деп айтқан едік.
Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары 4-21 ақпан аралығында өтеді. Еліміздің намысын 82 азамат сегіз спорт түрі бойынша қорғайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!