Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікте қару таратқандар ұсталды
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ереуілшілерге қару таратқандар құрықталды. Ұсталғандардың барлығы 19-20 жас аралығындағы жастар. Алайда қамауға алынған күдіктілер мұндай қадамға әлдекімдер нұсқау беріп қорқытқандықтан бардық деп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
20.01.2022
- Бесі күні қару-жарақ дүкенінен қару алып алаңға апарғанымыз үшін ұсталып отырмыз. Бізді бір топ ұстап алып, қарумен мәжбүр еткен болатын. Олар бір топ адам болды және қасымызға біреулерді «қара» деп тұрғызып қойды да, қару-жарақ алып шығыңдар деді. Олардан алып шыққан қарудың жартысын бізге «сал» деп автоматтарымен салғызды.
Алматыдағы ереуілде белгісіз біреулер Республика алаңына көлікпен келіп қару таратқаны әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбада бұзақылардың көлік жүк салғышынан алынған қаруға жапатармағай таласып жатқаны анық көрінеді. Оның барлығы қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалған кезінде алынған екен. Ал іздестіру барысында қару таратқандардың кім екені анықталып, күдіктілер қаладағы базарлардың бірінде қолға түсіпті. Үш күдікті де қорыққандықтан осындай іске барғанын айтып ақталуда. Бірақ полиция олардың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!