Соңғы тәулікте 16 284 адамнан КВИ анықталды
Кесел кеулеп барады. Елімізде қауіпті індет соңғы тәулікте 16 284 адамнан анықталды. Осылайша көрсеткіш күн сайын өсіп антирекорд жаңаланып жатыр. Соның салдарынан эпидкартада Түркістан облысынан өзге өңірдің барлығы ауру тарау қауіптілігі жоғары «қызыл» түске боялды.
Автор: Салтанат Шырынхан, Саят Дәулетжанұлы, Жаңалық Ахаш
21.01.2022
Ал құрғақ жөтел қысып, буыны сыздап, өзін тұмау жұқтырдық деп жатқан тұрғындар санында есеп жоқ. Дәрігерлер «омикрон» штамы жедел респираторлы вирустың белгілеріне өте ұқсас екенін жеткізді. Сондықтан маусымдық тұмау екен деп, сынама тапсырмай ауруын жұқтырып жүргендер қаншама.
Жаңа жыл басталғалы Алматыдағы ахуал алаңдатарлық. Күн сайынғы статистика 2 мыңнан төмен түспей тұр. Ал инфекциялық стационарда 1350 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 187-і – балалар. Тағы 10 мыңға жуық тұрғын амбулаториялық бақылауда. 12 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосулы.
Ақ халаттылар эпиахуалдың ушығуына байланысты тағы да стационарларда 3 жарым мыңға дейін төсек-орын дайындап қойған. Өйткені бұл цифрлар әлі де көбейеді деп отыр.
Әсел Халықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Ауруды әсіресе 60 жастан асқан зейнеткерлер көптеп жұқтыруда. «Омикрон» штамында дене қызуы «Дельтадағыдай» бірнеше күн бойына көтеріліп жүрмейді. Есесіне тез жұғып, кеселге шалдыққандар күн сайын көбейе түсуде. Ауру ұзақтығы бір аптаға дейін созылады. Жедел жеспираторлы вирустың белгілеріне өте ұқсас. Тұрғындар өзін тұмаулатып жатырмын деп ойлауы әбден мүмкін.
Санның артуына алғашында жаңажылдық мереке мен артынша қаңтардағы оқиға себеп болды дейді. Сол сәтте зертханалар жұмыс істемей, жұртшылық ПТР-тестті уақтылы тапсыра алмаған.
Алматы науқастар саны бойынша алғашқы үштікте.
Бұған қоса ақ халаттылар індеттің аз уақыт ішінде өршуіне халықтың салғырттығы да себеп болған дейді. Бұған, арқаны кеңге салып, мереке кезінде көпшілік жиналатын орындарға көп баруымен байланыстырады. Қазір қалада қауіпті кесел жұқтырғандардың басым көпшілігі зейнеткерлер мен екпе алмағандар екен. Сондай-ақ жыл басынан бері коронавирус мыңнан аса баладан анықталған.
Қарағанды облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші қарқын алып барады. Бүгін қауіпті кесел 2497 адамнан анықталған. 12-қаңтардан бастап өңірде «қызыл» аймақтың тәртібі орнықты.
Жаназаның өзінде 30 адамнан артық жиналуға болмайды, той томалақты мейрамхана түгілі үйде жасауға да тыйым салынды. Сондықтан мобильді топтан тым-тырақай қашу қайта басталатын сияқты. Өйткені мамандар карантин талаптары жеңілдеуі салдарынан кеселді қайта өршітіп алдық дейді.
Айгүл Шәтекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Қарағанды облысында COVID-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Соңғы аптада жаңа жағдайлардың саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 20 есеге артты, себебі халықтың карантин шектеулерін, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаумен жеткіліксіз қамтылмағаны, бетперде режимі, әлеуметтік қашықтықты сақтамауы.
«Қызыл» аймақтың талаптарына сәйкес театр, концерт залдары да жұмыс істемейді. Мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істейді. Кафе мен сауда үйлеріне «жасыл» статусы барлар ғана кіре алады. Спорттық шаралар, жаттығулар мен монша сауна дегендерге де осы тәртіп белгіленген.
Дәрігерлер соңғы күндері қауіпті кесел жұқтырғандардың мыңдап саналып жатқанына алаңдаулы. ПТР-тест оң нәтиже бергендердің көбінде құрғақ жөтел, бас ауырып, буыны қақсайды екен. «Омикронның» белгілерін байқаса да зертханалық түрде расталмағандықтан, өңірде аталмыш штаммды ресми түрде бар деп айта алмай отыр.
Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметінде тыным жоқ. Қызуы көтеріліп, түшкіріп, басы ауырғандар минут сайын хабарласады. Күніне мыңнан аса шақыртуға барамыз дейді дәрігерлер.
Сол мың адамның жартысынан қауіпті індет анықталып жатыр. Соңғы тәулікте 586 ақтөбеліктің сынамасы коронавирус жұқтырғанын көрсеткен. Денсаулық сақтау басқармасындағылар емхана жанындағы мобильді топ санын артыруға мәжбүр. Бұған дейін Ақтөбеде осындай 170 топ жұмыс істесе, кешелі бері тағы 30 топты жұмысқа шығарған. Қосымша көлік іздеп, алдағы күндері науқастарды үйден бақылауға баратын дәрігерлерді жинап жатыр. Онсыз шақыртуға баруға үлгермейміз дейді дәрігерлер.
Айгүл Аманжолова, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Соңғы бір тәулікте жедел жәрдемге 1060 шақырту түсіп, 14 науқасты коронавирус, 5 науқасты пневмания диагнозымен ауруханаға жеткізді. Қазір инфекциялық бөлімдер жартылай толды. Қауіпті індеттен алты адам көз жұмды. Марқұмдардың орташа жасы 70-те.
Ақтөбеде тарап жатқан коронавирустың «омикрон» штамы ма, басқа ма, оны санитар мамандар әлі нақты айтқан жоқ. Өйткені сынамаларды әр айдың тек 25-і күні ғана жібереді. Олар сол уақытты күтіп отыр. Әйтсе де індеттің бұлай тез тарауына қарап-ақ «омикрон» деп болжайды. Ковидпен бұрынғыдай ересектер емес, енді балалар көп ауыратын болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!