Елордаға «Спутник Лайт» вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді
Ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасының бірінші партиясы Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Елорда емханаларына препараттың 10 мың дозасы үлестірілді. Екпе бір компонентті. Яғни тек қайта иммунизациялау үшін ғана қолданылады.
Автор: Әзиза Төленби
21.01.2022
Алғашқы екпесіне QazVac, Sinoрһarm, Hayat-Vac, Sinovac-ты салдырғандар қайта егуге «Спутник Лайтты» таңдай алады. Жаңа препарат келген емханалардың біріне КТК тілшісі барып келді.
Концерт-қойылымдары шегеріліп, көрермен залы толмай гастрольге шыға алмай жүрген өнер қайраткерлері баяғы емін-еркін өмірге тез оралғысы келеді. Сондықтан мәдениет саласының қызметкерлері ревакцинация жасатуды былтыр бастаған. Бүгін де 50 шақты өнер майталманы екпенің үшінші дозасын алды. Бетпердесін дәлізде шешпейтін, әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтайтын өнер адамдары ұжымдық иммунитет қалыптастыруда белсенді.
Олжас Сыдықбек, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония директорының орынбасары:
- Маған дәрігерлер бір айдан кейін аласыз деді. Осы бір апта бұрынырақ, он күндей болды, екінші рет ауырып, емделіп тұрдым. Температура, жөтел, үйде сәл әлсіздік сезіліп, ем қабылдап тұрдым. Қазір алмайды екем, бір айдан кейін қайта келейін деп тұрмын.
Айболат Жаудыр, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының директоры:
- Отандық өнімді қолдауымыз керек сияқты. Бұл жерде енді кейбіреуі Pfizer алғымыз келеді дейді. Оның бәріне де өзінің қолданылатын ережелері бар. Яғни зейнет жасында болу керек. Немесе әйел адамдарға аяғы ауыр болса, кішкентай балаларға ғана берілетіндіктен, мен қорықпай отандық өнім QazVac»-ты таңдаймын.
Алғашқы кезекте екпе алуы тиіс дәрігер, тәртіп сақшылары мен мұғалімдерді айтпағанда, бұл емханаға күніне 150-200 адам короновирустан қорғайтын препаратты салдыруға келеді екен.
Әзірге вакцина қоры жеткілікті. Елімізге алғашқы партиямен жеткізілген 150 мың «Спутник Лайт» құтысының 10 пайызы осында әкелініпті.
Қалдыгүл Жанбосынова, Нұр-Сұлтан қаласы №2 емхананың терапевт дәрігері:
- Ревакцинацияға да өзінің қарсы көрсеткіштері бар. Ол қандай? Адам егер қазір ЖРВИ–мен ауырып отырса, қан қысымы жоғары болатын болса және тағы да басқа шағым болса, уақытша вакцина алуға қарсы көрсеткіш болып саналады. Ревакцинация алған адамдарда антитела саны көбейеді. Ал антитела саны көбейген сайын короновирустан жақсы қорғайды.
Ревакцинацияға қазақстандық QazVac, ресейлік «Спутник Лайт», қытайлық Vero Cell препараты ұсынылады. Бастысы, алғаш салынған қос компонентті вакцинадан өзгесі болуы тиіс. Америкалық Pfizer тек зейнеткерлерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге салынып жатыр.
Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:
- Бізде ревакцинация алғандардың саны елордада 36500-ден аса адамды құрап отыр. Күніне 2200-дей адам қазір қайталама вакцина алып жатыр. Бұл деген өте жақсы көрсеткіш. Себебі елордада «омикрон» штамы анықталған. Сол себепті қала тұрғындарының денсаулығына деген жауапкершілік те артып отыр.
Елордада карантин шаралары күшейтіліп, қоғамдық орындарда «Ашық» жүйесінде тек «жасыл» статусты адамдарға қызмет көрсетіледі. Эпидахуалдың ушығуы да өз еркімен вакцина салдыруға келушілердің артуына түрткі боған сыңайлы.
Денсаулық сақтау ұйымдарының оптимистік сценарийі қалай десе де ревакцина алғандардың саны ел бойынша 1 миллионнан енді асып жығылды. Екпе алса да қайта ауырып қалып жатқандардың үшінші вакцинаға баруға сенімі жоғалған сияқты. Ал дәрігерлер қайталап екпе алмайынша, күн сайын түрленетін вирустан құтылмаймыз дейді. Десе де елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентін 9 миллион, 2 - компонентін 8 жарым миллионнан астам отандасымыз алып үлгерді. Елордалықтар COVID-19-ға қарсы ревакцинациялауды барлық егу пунктерінде салдыра алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!