Көктемгі әскерге шақыруда жастарға жан-жақты талап күйшейтілді
Көктемгі әскерге шақыру науқаны алдында жастарға жан-жақты талап күйшейтілді. Мұндай әрекет Отан алдындағы парызын өтеуге аттанатын азаматтардың сапалық құрамын анықтауға мүмкіндік береді дейді қорғаныс министрлігі.
Автор: Мақсат Мәлік
21.01.2022
Ал әскерге 18-27 жас аралығындағы жастар шақырылады.
ҚР Қорғаныс министрлігі:
- Жеке істерді зерделеу уақтында әскерге шақырылушылардың сауалнама деректері анықталып, әрбір жас азаматпен және оның ата-аналарымен әңгімелеседі. Зерделеу барысында әскерге шақырылушылардың алған мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, сонымен қоса олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
Әскерге аттанатын жастарға қойылатын талап негізінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар, тергеуде жүргендер, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне кеткендер жіті назарға алынады. Сондай-ақ әскерге шақырудан босату жөніндегі заңдылықтар тексеріледі. Оның ішінде денсаулық жағдайы есепке алынады.
Министрліктің айтуынша, бір күнде шамамен 800-900 шақырылушы келеді және жас ерекшелігі бойынша әскерге жарамды 90 мыңнан астам жасөспірім жан-жақты қаралады.
Биыл көктемде 17 мың азамат әскерге шақырылса, оның 6 мыңнан астамы Қарулы күштердің бөлімшелеріне барады.
Қаңтардың басындағы қақтығыстан сабақ алған билік қорғаныс саласына мықтап көңіл бөлуге кірісті. Ең алдымен сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметі күшейтіледі.
Президент апта басында қорғаныс министрін ауыстырып, ведомство басшылығына Руслан Жақсылықовты тағайындады. Ал экс-министр Мұрат Бектановқа «өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз, жүктелген міндеттерді атқара алмады» деген баға берілген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!