Тоқаев қазақтарды жұмыспен қамтып, жағдайын жақсартуды жүктеді
Қазақстанға енді шетелден жұмыс күші тартылмайды. Шетелдік мамандар келген күннің өзінде, ол мамандық иесі елімізде болмауға тиіс. Отандық бизнесмендерге осындай талап қойған Тоқаев қазақтарды жұмыспен қамтып, жағдайын жақсарту міндетін жүктеді. Өйткені қарапайым халықтың жалақысы 50 мың теңгедей ғана.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
21.01.2022
«Ел билігінің байлығын иемденіп отырған 162 адамның қасында бұл айлықтың көлемі әділетсіздік», - дейді президент. Шетелдегі фшорда жатқан теңгелерді қазақстандық элита елге инвестицияласа, бизнес әлеуметтік жауапкершілікті міндетсінбей өз мойнына алса, әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгеретініне мемлекет басшысы сенімді.
Қолымыздағы смартфон, не компьютеріміз жұмыс істемей қалса, жапа-тармағай қайта жүктеуге тырысамыз. Өйткені қайта қосылған гаджет жақсы жұмыс істейді. Дәл осындай қайта жүктеу батырмасы, әттең, Үкіметте болмай тұр. Құрамын он күн бұрын жаңартса да, Министрлер кабинеті әлі Тоқаевтың «керек, керек» деген тапсырмасын тыңдаумен келеді. Нақты іске көшпеген оларға бүгін Президент тағы біраз шаруаны үйіп-төкті. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатын қайта жандандыруды қолға алған Тоқаев енді адал, ашық әрі әділ ережелері бар ойын бастамақ.
Бұл ойынның басты кейіпкерлері бизнес өкілдері болады. Үкімет қадағалап, талап етуші. Жаңарған Қазақстанның дамуына қалталы азаматтар қай жағынан болса да үлес қосады. Мемлекет бизнеске ыңғайлы болсын деп, тіпті салық саясатын қайта қарауға әзір. Елде міндетті төлемдерді көпсініп, жалтаратындар мұндайда райынан қайтуы да мүмкін ғой. Егер салықты төлеуден қашқандар тығылыспақ ойнаса, оларды Тоқаевтың өзі іздемек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ірі компаниялардың салық төлеуі өздеріңіз түсініп отырғандай, мұңды ән сияқты. Біздің қолымызда арнайы органдардың мәліметі бар. Одан мол пайда табатын гиганттар әртүрлі сылтаумен салықты толық төлеуден жалтаратыны көрініп тұр. Мен премьер-министрге бұл мәселені біржолата шешуді және қазынаны өзіне тиесілі қаражатпен толтыруды тапсырамын. Әйтпесе қатаң шара күтеді, сол кезде балалар ертегісіндегі әзіл сияқты – «кім жасырынып үлгермесе, мен кінәлі емеспін».
Бизнестен адал бәсекелестікті талап еткен президент жасанды құрылған монополияларға, яғни түрлі жекеменшік компанияларға талдау жүргізу керектігін баса айтты. «Откупщиктер» деген терминді мүлдем ұмытуға кеңес берді. Тиісті ақыға мемлекеттің бірқатар экономикалық функциясын орындауды өзіне сатып алып жүрген сол монополиялардың қызметіне тыйым салынбақ. Бұл ретте «Самұрық-Қазынаның» қызметін Тоқаев тағы сынады. Қордың мемлекеттік сатып алуларында толған былық. «Самұрықтағылар» реформалау ісін реттей алмаса, келмеске кетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына баса назар аудару керек. Кулуардағы әңгіме, жабықтық, қымбаттаған баға, осы фактілердің бәрімен шұғыл айналысу керек. Сыбайластық, «саяси маңызы бар адамдардың» тағайындалуы, шығындардың көптігі, ауқымды жобаларды соңына жеткізбеу, техникалық қызмет көрсетуге кеткен шамадан тыс шығындар – осындай мәселелер халық наразылығын тудыруда. Енді баяулайтын кез емес. Бір ай беремін оған қоса соңғы рет! Шешім болмаса, қатаң шаралар қолға алынады.
Халықаралық сарапшылар келтірген мәліметтерді сөйлетсек, Қазақстанның бүкіл байлығының жартысы 19 миллион емес, 162 адамның қолында екен. Халықтың жалақысы болса, сол байлықтың ең аз ғана бөлігі. Мұндай ақшаға күнкөру мүмкін емес екенін түсінген ел билігі жағдайды шұғыл өзгертпекші. Мемлекет мүддесін біреумен жеке қарым-қатынас жасаудан жоғары қоятын Президент бизнес құрылымға әлеуметтік жауапкершілік жүктеу өтініш болмау керек деді. Қалталы азаматтар сапалы жұмыс орындарын ашып, өндіріске, ғылымға, білімге офшорлардағы ақшасын салса, ол міндетті түрде жемісін береді деді. Бұл тұрғыда Тоқаев «Платон менің досым, бірақ шындық одан қымбат» деген формуланы ұстанады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- «Платон менің досым, бірақ шындық қымбаттырақ» формуласы мен үшін маңызды. Оған барлығының көзі жетті ғой деп ойлаймын. Барлық мәселеде осы ұстанымдамын. Мен үшін мемлекеттің қызығушылығы біреумен жақсы, жеке қарым-қатынастардан әлдеқайда жоғары. Егер мемлекет үшін қажет болса, өте қиын шешімдер қабылдауға дайынмын. Мұндай шешімдерді болашақта еш күмәнсіз қабылдайтын боламын.
Тоқаевтың кәсіпкерлерге тағы бір жасаған ескертуі шетелден жұмыс күшін тартуға қатысты болды. Шаруаларын ширатқысы келгендер Қазақстанда тапшылық тудырған мамандарды ғана шекарадан өткізе алады. Қазақтар жоғары жалақы сұрайды немесе еңбекқор емес деген сөзді енді Тоқаев тыңдағысы келмейді.
Қазақстан экономист, заңгер, менеджерлерге бай. Олар қазір «Самұрық-Қазына» сияқты жалақысы жоғары жерлерде жүр. Кейбірінде жұмыс та жоқ. Олқылықтың орнын толтыру үшін Президент «Болашақ» бағдарламасының бағыт-бағдарын қайта қарамақшы. Қазақтар, соның ішінде жастардың техникалық мамандықтарды меңгеріп, өндіріске жақын болғаны мемлекет басшысының арманы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!