Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы күн сайын қымбаттап барады
Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Қаңтардың басында қымбатшылықты айтып наразылық білдіргендердің талабы ескерілмеген сыңайлы. Бір Алматының өзінде 60-тан астам дүкен заң бұзған. Бақытжан Сағынтаев бүгін аудан әкімдерін сөзбен бір сілкіп алды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай, Елдос Есенбол
24.01.2022
Ал Нұр-Сұлтанда үйдің жанындағы шағын дүкендерге әкімдіктің құзыры жүрмейді екен. Сондықтан күнкөріс деңгейі жоғары саналатын бас қаланың тұрғындары да қымбатшылықты айтып шағымдануда.
Қымбатшылықты айтып митингке шыққан жұрттың талабы сол күйі ескерусіз қалғандай. Қаңтардың басындағы оқиғадан кейін, керісінше, дүкендердің басым көпшгілігі тауардың бағасын шарықтатып жіберген. Бағаны айтып шағымдану үшін арнайы жедел телефон желісін де іске қосты. Арыз-шағым толассыз түсе бастаған соң, әкімдіктегілер қаламыздағы азық –түлік сататын 1800 нысанды тексеріп, тауар құнын негізсіз көтерген 61 дүкенді анықтаған. Нәтижесінде мына тауарлардың құны төмендетілді:
Күнбағыс майы 920 – 780 тг
Айран 315 – 300 тг
Сүт 295 – 280 тг
Нан 100 – 90 тг
Бірінші сұрыпты ұн 245 – 220 тг
10 дана жұмыртқа 490 – 460 тг
Қант 350 – 330 тг
Бүгін қала әкімінің аппаратының отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтеруге қатысты ең көп заңбұзушылық Бостандық ауданында тіркелген. Бақытжан Сағынтаев босаңсып кеткен аудан әкімін қатаң сынға алды.
– Бостандық ауданы. 21 заңбұзушылық. Жұмыс істемей ме сонда?
– Аталмыш фактілерді анықтап жатырмыз. Дүкен қожайындарының үйіне дейін барып бағасын түсіру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр.
– Егер күн сайын мониторинг жүргізіп отырсаңыздар, ондай заңбұзушылық тіркелмеуге тиіс. Ал сіздердің ауданда көптептеп тіркелген. Бақылауға алыңыздар.
– Мақұл.
Қала әкімі күнбағыс пен сәбіздің шекті бағасын шығару туралы шешім шығарды. Бірақ әлеуметтік маңызы бар тізімдегі 19 тауарды қолжетімді қылуға ұзақ уақыт кетеді екен.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
– Сауда нүктелеріне айтарым, осындай қиын-қыстау кезеңді пайдаланбасын. Бізде осы жайттарды реттейтін шара табамыз. Бағалардың өсуін белгілі бір мерзімге тоқтатуға шешім шығарамыз. Бұл нарыққа қарсы шаралар деп айтуға болады. Бірақ нарық жағдайындағы түрлі келісімдер мен құқықбұзушылықтар басталса, қатаң түрде әрекет етуіміз керек.
Алайда тексерістен өтпеген кәсіпкерлер бұлай бағаны түсіре алмаймыз деп дабыл қағады. Өйткені көтерме саудагерлер тауарды дүкендерге қымбатқа сататын көрінеді.
Әкімдіктің тексерісінен әлі өтпеген дүкен. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы: күнбағыс майы 910 теңге, бір келі қант 350 теңге. Маңызды тауарлардың бұлай сатылуына не себеп? Дүкен иесінен не дейді?
Фарида Әбішова, кәсіпкер:
- Күнбағыс майының 910 теңгеге сатылу себебі, дүкенге келу бағасы үлкен компаниялардан 790 теңгеге шығып тұр. Оған 15 пайызды қосып сатып жатырмыз. 910 теңгеден төмен бағада сата алмаймыз. Өйткені дүкенге келетін үлкен шығындар бар. Сатушыларға және жалға алу шығыны бар. Әлеуметтік қант,күріш, майды 15 пайыз қосып сатып жатқан жайымыз бар.
Елорданың да дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы арзан емес. Әсіресе тапқан табысы жүріп-тұрысынан арылмайтындарға қиын дейді Арқадағы ағайын. Тұрақты жұмысы жоқтар мен зейнеткерлерді тіпті айтпаса да болады. Мысалы, үй жанындағы шағын дүкендерде күнбағыс майы 970- ден басталса, сәбіздің құны 200 теңге. Сол үшін де мұндағылар жалақысын алып шала байығында супермаркет себетін толтырып азық-түлік алғанды жөн көреді.
Қала тұрғындары:
- Жалақы алғанда супермаркеттен аламыз. Ал былай сүт, нанды үйдің қасындағы дүкеннен аламыз.
- Жәйлап қымбаттап жатыр ғой. 10 теңгеден, 15 теңгеден.
- Президент айтқаннан кейін өзгеріс бола ма деп едім. Мен ондай өзгеріс байқаған жоқпын. Супермаркеттен де аламын. Үйдің жанындағы дүкеннен де аламын. Бәрі бір баға. Сол, әлі қымбатшылық.
- Мынау үйдің жанындағы дүкендерде қымбаттырақ. Олар да ақша тапқысы келеді. Ал супермаркетте арзан, еріксіз соған барамыз.
- Кішкентай дүкендерде баға қымбат. Ал үлкен супермаркеттерде, олар үлкен көлемде алғандықтан бағасы арзан екенін байқаймын.
Үйдің жанындағы шағын дүкендерге бас шаһар әкімдігінің сөзі жүрмейді. "Өзі қожа, өздері би" болған оларға бағаны көтермеңдер, реттеңдер деп те айта алмайды. Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлікті дамыту басқармасы тек супермаркет желілеріне талап қоятынын жасырмады. Қазір ірі сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының негізсіз өсуі байқалмапты. Сондықтан әзірге шектеку нормасы да енгізілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!