Ковид-19: 386 науқастың жағдайы ауыр, 124-і ауыр халде
Елімізде өткен тәулікте 11 340 адам коронавирус жұқтырды.ауру әсіресе елорда мен Алматыда асқынып тұр. Эпидемиологиялық ахуал өзге өңірлерде де мәз емес. Мәселен «жасыл» аймақта бірде-бір өңір қалған жоқ.
Автор: Айман Нұрмағанбет
24.01.2022
Ал Ақтөбеде 20 күннің ішінде 100 сәбиден «омикрон» штамы анықталған. Бес адам коронавирустан көз жұмған.
Маңғыстау облысында соңғы тәулікте 134 адамнан коронавирус анықталды. Бұл өткен аптадағы санмен салыстырғанда 100 адамға аз. Бірақ дәрігерлер мұның өзін көп деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша стационарларда жатқандар саны үш жарым есеге көбейіпті. Оның ішінде 35-і жүкті және босанған әйелдер болса, 31-і – балалар. Ал оттегі баллонының көмегімен 63 науқас демалуда.
Асқар Сағымбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- 10 қаңтарда 48 адам болса, қазір 175 адам емделуде. Яяғни 3,6 есеге дейін өсті. Жансақтау бөліміндегі төсек саны 46, онда қазір 14 адам емделуде. Оның бесеуі ауыр, тоғызы қатаң жағдайда. Өкпені жасанды демалдыру аппаратымен емделуде. Төсек орын 30% құрайды.
Ақтөбеде КВИ кесірінен демалыс күндері бес адам көз жұмды. Дәрігерлер марқұмдардың бұған дейін басқа да дерті болғанын айтады. Вирус сол ауруын қоздырып жіберген. Сондай-ақ коронавирустан ауруы асқынған 15 ақтөбелік жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте бұл аймақта 317 адамнан жұқпалы індет табылған. Санитар мамандар «омикрон» штамы балаларға жұққыш келеді дейді. Айналдырған 20 күнде бір жасқа толмаған жүз сәби қауіпті індеттің ілмегіне ілінген.
Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жансақтау бөлімінде 15 науқас жатыр. Екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 11 науқас инвазивті емес желдету апаратында. Жыл басынан бастап коронавирус инфекциясынан 11 адам қайтыс болды.
Атырау облысында үшінші тоқсан басталғалы дәстүрлі форматта оқитын 15 оқушыдан коронавирус анықталды. Мұнайлы өлкеде күн санап вирус жұқтырғандар көбейіп барады. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем стансасының жұмысын күшейтпек. Ал дерт ырыққа көнбесе карантин талаптары күшейтіліп, бас санитар қаулыны қайта қарастыру мүмкін.
Гүлназ Ербатырова, Атырау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні республика көлемінде жалпы облыстарда қаулы, шектеу шаралары қаралуда. Республикалық деңгейде қаулы жіберіледі. Соның құзыретінде өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Жалпы ел бойынша эпидахуал мәз емес. Тек Түркістан облысы ғана «сарыда» тұр. Қалған өңір «қызыл» аймақта. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше ел бойынша коронавируспен ауырып жатқан 386 науқастың жағдайы ауыр болса, соның 124-і хәл үстінде жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!