Дәрігер кеңесі: «Омикрон» штамының жаңа белгілері қандай?
«Омикронның» басты белгісі – мұрынның бітелуі. Отандық дәрігерлер індеттің жаңа штамын жұқтырғандардың 60 пайызы жоғарғы тыныс жолдарының ауыратынын айтып шағымдануда. Алайда мұны қарапайым тұмаумен шатастырып ауруын асқындырып алғандар көбейген.
Автор: Салтанат Шырынхан
24.01.2022
ПТР-тест тапсырушылар саны да былтырғымен салыстырғанда үш есеге артып, сынамасы оң нәтиже көрсеткендер 10 есеге көбейіпті. Жаңа штамның жаңа белгілері қандай?
Пандемия басталған тұста коронавирустың негізгі симптомы бас ауруы, дене қызуы, иіс пен дәм сезбеу болатын. Ал бүгінде жаңа штамда айтарлықтай айырмашылық байқалмаса да, жиі кездесіп жатқан алғашқы белгі – мұрынның бітелуі мен оның жиі сулануы. Ақ халаттылар мұны жұртшылық жай тұмау деп ойлап ауруын асқындырып алмаса дейді.
Ләззәт Ералиева, инфекционист:
- ПТР-тест тапсыру міндетті емес. Өйткені оны тапсырған күнде де барлығымен күресу жолдары бірдей. Сол үшін өзіңізді тұмаумен ауырып жатырмын деп ойласаңыз да, тез емделіп, алдын алған абзал. Ең алдымен жылы суды, компот, морс сынды сусындарды жиі ішу керек. Егер басыңыз ауырып, бүкіл денеңіз қақсаса ибуфен, ибупрофенді қолданып, тамақты шаю керек. Ал қандай да бір созылмалы ауруы бар адамдар дәрігерге қаралып, қосымша дәрі-дәрмек алған жөн.
«Омикрондағы» жиі байқалатын белгінің тағы бірі – тамақтың ауруы. Сөйтіп аяқ астынан дауысыңыз қарлығып шыға келеді. Осылайша жоғарғы тыныс алу жолдарының жұмысын бұзатын кесел бір аптаға дейін созылады. Әсіресе жаңа штамм жастарға тез жұғады дейді мамандар. Сондай-ақ дерттің дендеуіне байланысты, әдеттегідей, әсіресе ауруханаларға көп күш түседі деп отыр.
Күлиям Біржанова, Денсаулық сақтау министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Республикамызда коронавируспен ауырғандарды емдейтін 277 медициналық мекеме мен 30 мыңнан аса төсек-орын бар. Оның 10 мыңнан астамында науқастар жатыр. Бұл 35 пайызын құрайды. Қазір күніне мың жарымнан аса адам инвекциялық-стационарларға түсуде. Жалпы 10 107 адам ем қабылдап жатыр. Жаңа штаммен отандастарымыз енді ғана тіркеліп жатқандықтан, «шыңы» деп айтуға келмейді.
Алматыдағы тест орталығы ПТР тапсыруға келіп жатқан халықтың қарасы көп екенін айтуда. Сондай-ақ көрсеткіш былтырғы күзбен салыстырғанда үш есеге артты деп отыр. Ал тест нәтижесі оң шыққандар саны он есеге дейін көтеріліпті. Алайда оның не «Дельта», не «омикрон» екенін әзірге ажырата алмай отыр.
Фуат Дивеев, Тест орталығының директоры:
- Қазақстанда білуімше әлі не «Дельта», не «омикрон» екенін нақтылайтын тест жүйесі жоқ. Бірақ кейбір әлем елдерінде қонданысқа енгізіп қойған. Бізге де жақын күндері келеді деген сенімдеміз. Келіссөздер жүргізілді. Тек күтіп отырмыз. Дегенмен қазір ПТР-тесті оң шыққанның барлығын «омикрон» деп айтуға болады. Өйткені барлығында «омикронның» белгілері байқалуда.
Дәрігерлер «Дельта» штамын жұқтырғандар 14 күннен аса ауруымен алысса, «омикронда» бір аптаға созылады дейді. Тек жедел респираторлы вирус деп қарамай, барынша алдын алғаны абзал. Өйткені тез тарайтын індеттің соңы пневмонияның асқынған түріне апаруы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!