Эпидахуал ушыққалы вакцина салдыруға асыққандар саны артты
Эпидахуал ушыққалы вакцина салдыруға асыққандар артқан. Емханалар мен екпе салу орындарында кәдімгі қарбалас байқалады. Елімізге жеткізілген 150 мың доза "Спутника Лайт" өңірлерге үлестіріліп, тұрғындарды қайта иммунизациялау басталып кетті.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.01.2022
Алайда бір ампуласы екі адамға егуге есептелген соң, ревакцинацияға келген азамат серіктесін тосуы тиіс.
Алматыда емханалардың басым көпшілігінде ұзын-сонар кезек. Жұрт таңғы 8-ден бастап екпе алу орындарына жиналады. Өйткені осыдан үш күн бұрын қаламызға «Спутник Лайт» вацинасының 12 мың дозасы жеткізіліп, қайта иммундау процесі басталды.
Жалпы Алматы бойынша ревакцинациядан өткен тұрғындар саны 120 мыңнан асады. Қазір екпе салатын осындай 119 медициналық орындар жұмыс істеп жатыр.
Бір тәуліктің өзінде Алматыда 3 мыңнан астам адам екпе алыпты. Ресейлік вакцинамен қоса, ревакцинацияға қазақстандық QazVac, қытайлық Vero Cell препараты ұсынылады. Тек бірінші салдырған вакцинаны қайта ектіруге болмайды. Ал америкалық Pfizer жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған.
Гүлім Жалғабекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Аяғы ауырларға қазір Pfizer салдырып жатыр. Соны салдыруға келдік. Бірінші кезде салдырмадым, өйткені кішкентай балам болғасын күттім. Енді аяғым ауыр болмағаннан кейін тағы салдырайын деп жатырмын. Рұқсат берді ғой енді.
«Спутник Лайт» тек ревакцинацияға ғана арналған. Сонымен қатар толық екпе алғаннан кейін кемі алты айдан соң ғана салынады.
Болат Мағзұм, №3 емхананың бас дәрігері орынбасары:
- «Спутник Лайт» вакцинасы бізге кеше жеткізілді. Ревакцинация бойынша, QazVac, Vero Cell, Pfizer және бүгіннен бастап «Спутник Лайтпен» екпе салып жатырмыз. Тұрғындардың қалауы бойынша кез келген вакцинаны ала алады. «Спутник Лайт» ревакцинация үшін және тек 18 жастан асқан адамдарға арналатын екпе. Бірінші, екінші компонентін салдырғаннан кейін жүреді.
Ал Шығыс Қазақстан облысына «Спутник Лайт» вакцинасының 21 мың дозасы жеткізіліпті. Жаңа вакцинаны салдыруға келгендердің қатары көп. Арасында 70 жастағы зейнеткерлер де бар.
Анар Әмірғалинова, Семей қаласы №6 емханасының мейірбикесі:
- «Спутник Лайт» вакцинасы жаңа жыл басталмай тұрып сұраныста. Негізінен егде жастағы адамдар. Өйткені олардың көбісі аурушаң болады және диспансерлік есепте тұр. Сондықтан олар екпе алып өзін қорғағысы келеді.
Елімізде вирус жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Сондықтан өңірлер «қызыл» аймаққа түгел оралды десе де болады. Алайда кеселдің қарқынды өршуі тұрғындардың екпе алуына түрткі болған сыңайлы. Өйткені осы уақытқа дейін 9 миллионнан астам қазақстандықтар вакцинациядан өтіп, оның 1 миллионнан астамы екпенің үшінші дозасын салдырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!