Қарағандыда кәсіпкерге оқ жаудырып, пышақтап, үйін тонап кеткен
Қарағандыда кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған топ ұсталды. Баспанаға баса-көктеп кіргендер тапаншадан оқ жаудырып, қарсылық көрсеткен үй иесін пышақтап, алтын бұйымдарын қолды қылған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
25.01.2022
22-қаңтарда тапа-тал түсте 46 жаcтағы кәсіпкердің үйіне басып кіргендер алдымен тапаншадан оқ атқан. Қылмыстан кейін күдіктінің бірі қаруды үйіне жасырған екен. Алайда тапаншадан сескенбеген үй иесі бетперде киген екеумен алысыпты. Ақыры пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. Қарақшылар үйден ақша таппай, құны екі жарым миллион теңгеден асатын бұйымдарды ұрлаған. Араға аз уақыт салып ұсталғанымен, күдіктілер бағалы заттардың біразын сатып үлгерген. Қылмысты кәсіпкердің мекемесінде жұмыс істейтін қызметкері ұйымдастырыпты.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Ол қасындағы сыбайластарына кәсіпкер туралы ақпарат беріп, қылмыс жасау кезінде сыртта көлікте күтіп тұрған. Қылмыскерлердің үйіне тінту жүргізгенде полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде тапанша және алтын бұйымдардың жартысын тәркіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!