Бас прокуратура мен ІІМ-нің жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты мәлімдемесі
Қаңтардағы қақтығыс кезінде еліміздің жеті қаласындағы 1500-ға жуық нысанға шабуыл жасалған. Полицейлер отыратын 27 орын мен 12 әкімшілік ғимараттың күл-талқаны шығыпты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.01.2022
700-ден астам автокөліктің түгі қалмай өртеніп кеткен. Бүгін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты кезекті мәлімдемесін жасады.
Шабуыл кезінде жеті қару-жарақ дүкені тоналып, мың жарымнан астам азаматтық қару ұрланған. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезінде күш құрылымдары ұрланған қарудың 515-ін тауып тәркіледі. Қару ұрлады деген күдікпен 100-ге жуық адам ұсталып уақытша ұстау абақтысына қамалыпты. Заңсыз қару-жарақ сақтаған 61 күдіктінің қолына кісен салынған.
Прокурорлар мен полицейлер бүгінде атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау және ұрлау фактілері бойынша 157 істі тергеп жатыр. Ұсталғандар көп жағдайда ұялы телефонына өзі ұрлаған дүниелерін түсірген көрінеді. Министрлік сол бейнежазбаларға сүйеніп қамауға алдық дейді.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:
- 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды, оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» және ең сорақысы, көшеде бір полиция қызметкерін топ болып ұрып-соғуға қатысқаны табылды. Мұндай фактілер көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!