Депутаттар: Майнинг компаниялар аймақтарда ретсіз орналастырылған
Майнерлердің жұмысын жүйелеп, энергия тапшылығын шұғыл түрде шешу керек. Кеше бір мезетте елдің оңтүстік аймағында жарық өшкеннен кейін депутаттар осындай бастама көтерді.
Автор: Елдос Есенбол
26.01.2022
Мәжілісмен Ержан Құдайбергеннің айтуынша, майнинг компаниялар қызметін бастамас бұрын "электр энергиясының артық қоры бар" деп сендіреді екен.
Бірақ уақыт өте келе электр энергиясының артық қоры туралы әңгіменің шындыққа жанаспайтыны дәлелденіп жатыр дейді депутат. Мәжілісмен майнинг компаниялар аймақтардың мүмкіндігін ескермей ретсіз орналастырылған деп сынайды. Мысалы, соның бірі электр энергиясы онсыз да тапшы Түркістан облысында пайда болған. Әрі майнерлер бір киловатт тоқ көзіне он бір теңге төлейді. Ал қарапайым халық пен бюджет ұйымдары 15-21 теңгеге дейін шығындалады.
Бәрінен де жасырын жарықты жымқырып жатқан сұр майнерлерден келер қауіп көп. Ел бойынша заңды тіркелген 70 майнинг компания орта есеппен 700 мегаватт тоқ тұтынса, сұр майнерлер 1400 мегаватты жұтып жатыр. Осылай деген мәжлісмендер премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан өткен жылы үкіметтің қарауына ұсынған «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң жобасын шұғыл түрде қайта қарауды сұрады.
Ержан Құдайберген, Мәжіліс депутаты:
- Депутаттар ұсынған заң жобасы Үкіметтің қарауында, алайда мәселенің өзектілігін ескеріп сізден қорытынды әзірлеуді жеделдетуді, заңға сәйкес электр энергиясын бөлу кезінде коммуналдық мекемелерге, бюджеттік ұйымдарға, өндірістік кәсіпорындарға басымдық беруді, майнинг компаниялардың энергия тапшылғы жоқ аймақтарға орналасуын қадағалауыңызды сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!