Ақтауда облыстық жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері шу шығарды
Ақтауда облыстық жедел жәрдем қызметінің бір топ жүргізушісі айлығымыз аз деп шу шығарды. Айтуларынша, жалақы бірнеше жылдан бері өспеген. Осыны айтып талай табалдырықты тоздырғанымен, жанайқаймызды ешкім естімейді дейді жиналғандар.
Автор: Айман Нұрмағанбет
26.01.2022
Басшылық уәдені үйіп-төккенімен, оны орындамайтын көрінеді. Ал жедел жәрдем қызметінің директоры жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін жүгіріп жүрмін дейді. Тіпті былтыр жыл соңында арнайы сыйақы бөлгенін де алға тартты.
Күніге асығыс жүріп адам өмірін сақтауға ұмтылатын жедел жәрдем жүргізушілері бүгінгі күнін асықпай өз мәселесін шешуге арнады. Облыстың түкпір-түкпіріндегі жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері жиналып басшылыққа келді. Талап — жалақыны өсіру. Айтуларынша екі-үш жылдан бері алып келе жатқан 80-90 мың теңге ештемеге жетпейді. Осыған дейін тек дәрігер, фельдершерлердің жалақысы өсіп, жүргізушілердікі сол күйі қалыпты.
Мұрат Белбаев, жедел жәрдем жүргізушісі:
- 90-100 мың деген қазіргі жағдайда өте қиын. Барлық жерде қымбатшылық. Ақтау, Ақшұқыр, Жаңаөзен, Мұнайлы бүкіл Маңғыстау облысы бар.
Ержан Меңдалиев, жедел жәрдем жүргізушісі:
- 2014 жылдан бері қарай біздің негізгі айлық деген бар. Жаңағы жылда қосады. Қосқанда фельдшер, санитарлар бар, солардікі көтеріледі. Біздікі, жүргізушілер жайына қаламыз. Білмеймін. Медицина қызметкерлерінің қатарына жатпайсыңдар дейді. Ол қалай? 2014-тен бері қарай айлық көтерілген жоқ. Жыл сайын жиналамыз, уәде береді.
Жиналғандар осы күнге дейін жалақының жырын бірнеше мәрте көтеріпті. Бірақ еш нәтиже жоқ. Жұмысшылардың мұңын жеткізетін кәсіподақ та үнсіз деп налыды. Сондықтан тек ақша жинауды білетін бұл ұйымды таратып жіберсін дейді. Алайда басшылар бар мәселеден хабардармыз дейді. Тіпті жүргізушілердің жағдайын жақсарту үшін жыл соңында сыйақы беріліп, қосымша 25 мың теңгеден төленіпті.
Айларбек Шыршықбаев, Маңғыстау облысы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының директоры:
- Мекеменің атынан қараша, желтоқсан айына бұрынғы 25 мың теңгенің үстіне тағы 25 мың теңге қосып төледік. 2022 жылы алайын деген ақшасы Үкіметтің бекітілген жалақысынан 50 мың теңге көп. Биыл тағы да 12 айға төлеуге шешім шығарып отырмыз. Бұл өзіміздің мекеменің тауып отырған ақшасы. Қазір бюджетімізге қарап отырып, біздің мекемеден қсоылған 50 мың теңгені жылдың аяғына дейін сақтайын деп отырмыз.
Десе де жедел жәрдем жүргізушілері жауаптылардың уәдесі орындалады деген үмітте. Егер мәселе шешілмесе, шағым айтып облыс әкіміне барамыз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!