Титықтатқан утильдік алымға фермерлер де үзілді-кесілді қарсы
Қымбат утилизациялық алым ауыл шаруашылығын да әбден титықтатқан. Бүгін елордада бас қосқан шаруалар осыны айтып шағымданды. Бұқараның наразылығын тудырған утильдік алымға фермерлер де үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Елдос Есенбол
27.01.2022
Өйткені осының кесірінен ауыл шаруашылығына қажет техниканың барлығы қымбат. Ал техника бағасы тізбектеліп, ет, сүт, нан сияқты әлеуметтік маңызды азық-түлік құнын өсіріп жатыр.
Қарапайым халық утилизациялық алым көлік бағасын аспандатып жіберді деп ашынса, ауыл шаруашылығында жүргендер бұл ретте екі есе алаңдаулы. Өйткені дәл осы утилизациялық алым енгізгеннен кейін шаруашылық техникаларының бағасы кемі 20 пайызға қымбаттапты. Ал оның кесірі тізбектеліп ет, сүт, нан секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құнына әсер еткен.
Нанның әр тілімінде, еттің әр келісінде, сүттің әр литрінде утилизациялық алым бар дейді шаруалар. Фермер де, агроном да, шопан да бүгін осыны айтуға жиналған. Талап-тілектері бір - утилизациялық алымның ақ-қарасын ажырату. Әу баста техниканың бағасы арзандап, су жаңасын аламыз ба деп үміттенген шаруалар ескі-құсқыға да зар болып қалған.
Алмасбек Садырбаев, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы:
- Жергілікті «Беларусь» тракторы арзан, ал «Джон дир» қымбат. Сол «Джон дир» арзандату үшін жасалған болған. Түбі келді де «Джондир да» қымбат екі жарым есеге, «Беларусің» екі есеге қымбат. Біреулердің қалтасы қампиып жатыр, қарапайым халық қан қақсап ескі құсқы техникамен жүр.
Уәжі бір арнада тоғысқандар ауыл шаруашылығына түпкілікті сілкініс керек дейді. Себебі, оны қолдауға кетіп жатқан миллардтардың пайдасын лоббистер яғни көлеңкедегі ірі кәсіптер ғана көріп отыр. Соның салдарынан шағын және орта бизнестегі нағыз еңбекқор азаматтардың кәсібі ақсап жатыр.
Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан ет одағының басшысы:
- Ауыл шаруашылық саласына реформа қажет. Оны утильдік алымды алып тастаудан бастау керек. Одан кейін аудит жүргізіп ақ-қарасын ажырату керек. Егер сол кеткен қаржымызды қайтарса оны ауыл шаруашылығының игілігі үшін жұмсауға әзірміз. Мысалы, жаңа жұмысын орнын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға .
Шаруалар осылай қызылкеңірдек болып жанайқайын айтқан жиында Ауыл шаруашылығы министрлігінен ешкім төбе көрсетпеді. Ал индустрия және инфрақұрылым министрлігінің өкілі утилизациялық алымды қорғаштап әлек. Бағаға әсер еткен басқа себеп дейді шенеунік.
Руслан Хисамутдинов, ҚР ИИДМ Арнайы техника және ауыл шаруашылығы машинасын жасау басқармасының басшысы:
- Утильдік алым отандық өндірушілердің бағасына еш әсер етпейді. Бұл нақты. Техниканың бағасы деп утильдік алымға ғана тіреліп тұрған жоқ қой. Логистика, девалвация, көліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың бағасы. Мұның барлығын ескеру керек. Бір машинаны толық өзі құрастыратын мемлекет кемде-кем деп айтуға болады.
Осылай деген басқарма басшысы қазақстандық шаруалардың 90 пайызға жуығы отандық өндірушілердің техникасын тұтынады деп ақпарат айтқаны сол еді, "утилизациялық алымға жол жоқ" деп ұрандатып жүрген қоғам белсендісі оның өтірігін жылдам әшкереледі.
Нұраддин Садықов, Қоғам белсендісі:
- 2020 жылғы жағдайға қараған кезде Ресейден автокомплетілерге 25-30 процен сумма рубль және доллар түрінде төленген. Беларусьтен де сондай 25 пайыз. Демек 50 пайыз техника импорттан келіп отыр.
Шаруалардың ғана емес, отандық өндірушілердің де жағдайы мәз емес сыңайлы. Белорусьтің өзінде жер өңдеуші техника өндіретін 15-ке жуық зауыт болса, біздің мемлекетте мұндай ұжымдар жоқтың қасы. Олардың өзі Қазақстанда өндіруші болғаннан гөрі құрастырушы болған артық дейді. Бір темірге төрт бұранданы бекіткені үшін қыруар қаржы алады. Шаруалардың мұң-мұқтажын тізе берсең біразы утилизациялық алымға тіреліп тұрғандай. Ал оған қатысты шешім ертең Экология министрлігінде өтетін жиында айтылып қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!