{metadescription}
Тоқаев: Халыққа уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ ...
Тоқаев: Халыққа уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ ...

Тоқаев: Халыққа уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ ...

«Халыққа уәдені үйіп-төкпей, орындалатынын ғана беру керек!» Президент Nur Otan-ның кезектен тыс съезінде партия мүшелеріне осындай ескерту жасады. Өйткені сайлау алдындағы уәделердің біразы орындалмай қалған.

«Бағдарламада айтылғанның 74 пайызын жасадық» деген Үкіметтің былтырғы есебіне Nur Otan-ның тізгінін қолға алған Тоқаев сенген жоқ. Парламент, одан қалды кеуделерін көкке керетін мәслихаттағылар да атқаруға тиіс шаруа көп. Әлеуметтің әлеуетін көтеру, жастарды қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамдағы өзекті проблемалар партия атынан сайланғандарды толғандыруға тиіс. Халық арасындағы Nur Otan-ға деген сенімді Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның жаңа командасы енді қайтаруға тырыспақ.

Бүгін біз елдің басты партиясы жұмысының жаңа форматын көрдік. Енді Nur Otan бұрынғыдай болмайды. Мұны кезектен тыс съездің қалай ұйымдастырылғанынан көруге болады.  Қазақстанның әр жерінен елордаға ат арылтып әдемі киімін киіп келетін жүздеген делегатты жинаудың орнына, оны қарапайым түрде өткізу туралы шешім қабылданған. Назарбаев та, Тоқаев та сабылып Nur Otan-ның мынау тұрған ғимаратына келген жоқ. Саяси құрылым басты күн тәртібін онлайн режимде талқылады.

Бірауыздан Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланған Тоқаев әдептен озбай, үлкенге құрмет білдіріп, содан кейін ғана партияның бүгінгі ісіне тоқталды. Оның көп дүниеге көңілі толмайды. Сондықтан саяси құрылым кең тыныстап, жұмысқа жаңа күшпен кірісу керек дегенді айтты. Президент партия билігінде бір жыл ғана отыруға ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының ррезиденті:

- Мемлекет басшысы ретінде мен ашық әрі адал саяси бәсекелестіктің кепілі боламын. Менің конституциялық міндетім —  биліктің барлық тармағының келісіп әрекет етуін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Бұл жағдайлар, әрине, Президенттің кез-келген партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақтауын білдіреді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, мүмкін, осы жылдың соңына қарай, менің Nur Otan-ға одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз.

Мемлекеттік органдар мен партияның функциялары бір-біріне ұқсас, оны да өзгерту керек дейді жаңа төраға. Nur Otan идеология мен кадр мәселесін, қажет кезде ғана мемлекеттік аппаратқа жұмыс бағыттауы тиіс. Үкіметте отырған «нұротандықтар» партияның сайлауалды бағдарламасының дұрыс орындалуына жұмыстануы керек. Президент былтырғы көрсеткіштерге сенбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының ррезиденті:

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспарлы индикаторлардың 74%-ға орындалуы туралы есеп берді. Бірақ бұл ақпараттың сенімді екендігіне кім кепілдік береді? Партияның одан әрі өміршеңдігі сайлау алдындағы уәделердің қандай көлемде орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Мен шындықтан алшақ және әдейі жүзеге асырылмайтын уәделерді бермеу керектігін еске саламын. Аз да болса, сапалы болсын.

Жаңа төрағаның сөзінше, халыққа уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ. Сондықтан қолыңнан келетінді ғана жасау керек. Қазір азаматтар партияға сенуден қалған. «Оларға жол көрсететін көшбасшының жоқтығы қаңтар қақтығысында көрінді», - деді Тоқаев. Өңірлердегі әлеуметтің әлеуетінің мәз еместігін сөз еткен ол мәслихат депутаттарына шүйлікті. Мәслихаттағылар кеудесін көкке кереді. Таққан төсбелгілерінің нендей қызмет атқаратынын ұмытқан сыңайлы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мәслихат депутатының төсбелгісі  бұл өңірлік элитаға қатыстылықтың жалған белгісі немесе жоғары кабинеттерге рұқсаттама емес. Бұл оның халық сайлағанының және халық мүддесі жолында жұмыс істеуі керек екендігінің дәлелі. Депутаттар осы түбегейлі айырмашылықты нақты түсінуі керек. Әзірге біздің депутаттар азаматтар арасында лайықты беделге ие емес. Оны қаңтардағы оқиғалар кезінде көрдік. Мәслихаттарда Nur Otan депутаттарының жария рейтингін енгізу маңызды болып табылады.

Мәслихат былай тұрсын, Парламенттің жұмыс бағдары да басқаша сипат алуы тиіс. Енді Мәжіліс пен Сенат формализмнен қашып, өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Фракция мүшелері формализм мен ұйымдастырудан алыс болуы, қоғам өкілдерімен көбірек байланыста болуы керек. Өзекті мәселелерді мұқият түсіну, ашық популизмге бармай-ақ, партияның ұстанымын нақты түсіндіру және берік сақтау-депутаттардың тікелей міндеті.

Жиында жуырда ашылған «Қазақстан халқына» қоры тағы сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев партия қатарындағы қалталы азаматтарға ақша аударуды ұмытпаңдар дегендей құлаққағыс етті. Әйтпесе халықтың несібесімен қазынасын молайтқандар партиялықтар дайындайтын жаңа сыбайлас жемқорлық бағдарламасының шарапатын көруі әбден мүмкін.

Nur Otan-да 22 жыл бұрын құрылған Jas Otan деген ұйым бар. Билік кейде ұмыт қалдырып жатады. Президент оның әлеуеті дұрыс пайдаланылмай жатқанын тілге тиек етіп, бұл бірлестікке көңілі ерекше екенін көрсетті. Аға буын жастардың арасында көшбасшыларды айқындап, оларды саясатқа тартуды көздейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде