NurOtan партиясының жаңаруын 389 делегат мақұлдады
Енді NurOtan-ның саяси кеңесі Дариға Назарбаева, Бауыржан Байбек пен Ерлан Қаринсіз өтеді. Жаңарған құрамда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев, Мәдениет министрі Дәурен Абаев пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да жоқ.
Автор: Әзиза Төленби
28.01.2022
Жыл басында үкімет басынан кеткен Асқар Мәмин де саяси кеңестен шығарылған.
Парламенттің қос палатасының спикерлері Мәулен Әшімбаев пен Нұрлан Нығматулин кеңестегі орнын сақтап қалды.
Жалпы, партиядағы негізгі күш 55 пайызға жаңарған. Олардың ішінде мұғалім, дәрігер, археолог, фермер, спортшы мен футболшы да бар. Жастардың үлесі алты есеге, білім және БАҚ өкілдері екі есеге артыпты.
Мемлекеттік қызметшілер басқаларға жол берген сыңайлы. Олардың саны үштен бірге қысқарған. Саяси кеңестің құрамында азаматтық сектор өкілдері айтарлықтай көбейді.
Партияның жаңаруын кезектен тыс сьезге онлайн қатысқан 389 делегаттың барлығы бірауыздан мақұлдаған. Жаңа тізімде 92 адам бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!