Ереуілшілерге арматура таратқандар ұсталды
Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде полицейлер мен әскерилерге қарсы шығу үшін ереуілшілерге арматура таратқандар ұсталды. Алматы қаласы мен Алматы облысының алты тұрғыны қазір уақытша қамау изоляторында отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
31.01.2022
Ішкі істер министрлігі бұған дейін тәртіпсіздіктер кезінде Жамбыл облысындағы Nur Otan партиясының ғимаратын өртеп жіберген 35 жастағы еркектің қолына кісен салды. Күдікті Елордада орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінде тығылып жүрген. Полицейлер қазір дәл осындай жалға берілетін пәтерлер, саяжай және иесіз қалған нысандарды тексеріп жатыр. Сонымен қоса тәртіп сақшылары қару ұрлағандарды да іздеуді жалғастырып жатыр. Бір ғана Алматының өзінде жеті қару-жарақ дүкенінен 1400 дана қару-жарақ тоналған. Бүгінде оның 190-ы ғана табылған.
Бағланбек Айтбаев, ҚР Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Алматы қаласында Шаңырақ-2 шағынауданында төрт күдікті ұсталды. Тұрғылықты жерін тінткен кезде олардан аңшы мылтығы, 8 пневматика мылтығы, пневматика тапанша, гранатаатқыш снаряды, 12 гранат және Калашников автоматының 2 оқжатары, сауыт кеудешесі және қорғаныс қалқаны табылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!