Алапат өрттен бір отар қой қырылды – Түркістан облысы
Түркістан облысында алапат өрттен 1150 бас қой тірідей жанып кетті. Қырылып қалған бір отар қойдың арасынан малшының да денесі табылды.
Автор: Бек Әбиев
31.01.2022
Бәйдібек ауданындағы мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығының қос қабатты қорасы бүгін таңда отқа оранған. Қораның үстінде жиналған 150 тонна шөп өртеніп, төменде қамауда тұрған мыңнан астам ұсақ малдың үстіне құлаған. Әзірге оттың неден шыққаны белгісіз.
Бәйдібек ауданының өрт сөндірушілері таң атпай аласапыранға түсті. Иен даладағы малшының қорасы өртеніп жатыр деген соң, төрт арнайы техникамен жеткен 15 маман өз көзіне сене алмады. Аумағы мың шаршы метрден асатын қос қабатты қораның есігін ашқан кезде тірідей жанып кеткен бір отарды қойды көрген.
Алғабас ауылы маңындағы Қызыларық деп аталатын жайылымда бұл қора бірер жыл бұрын ғана пайда болған екен. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Бірақ өрт қос қабатты қораның үстіне жиналған 150 тонна шөптен шыққан. Лезде күш алған тілсіз жау қорада тұрған мыңнан астам қойға лап қойған. Үш сағат бойы лаулаған өрттен қораның түгі қалмай жанып кеткен. Малға қарайтын жұмысшының денесі де өртті сөндіру кезінде табылды.
- Шаруа қожалығынан жақын жердегі өрт сөндіру бөлімі аралығы 40 шақырым. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 40 минутта жеткен. Өрттен 1150 бас қой қырылып, 150 тонна шөп жанып кетті. Оқиға орнынан қойшының денесі табылды.
Оттың ортасында қалған малшы Қырғызстан азаматы деген ақпарат бар. Оның отбасына қандай да бір көмек берілер-берілмесі әлі белгісіз. Ал бір күнде бар малынан айырылып шығынға ұшыраған шаруа қожалығының иесіне жергілікті шенеуніктерден нендей көмек көрсетілетіні белгісіз. Әзірге тек өрттің неден шыққаны мен шығын көлемі есептеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!